Skip to content
Басты бет » 28 қыркүйекте ТМҰ мүше және байқаушы мемлекеттердің ресми cыртқы саяси зерттеулер орталықтарының кездесуі өтеді

28 қыркүйекте ТМҰ мүше және байқаушы мемлекеттердің ресми cыртқы саяси зерттеулер орталықтарының кездесуі өтеді

2023 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және байқаушы мемлекеттердің ресми cыртқы саяси зерттеулер орталықтарының кездесуін өткізеді. Іс-шара ТМҰ 10-шы мерейтойлық саммитіне орайластырылған.

Кездесу барысында ТМҰ мемлекеттерінің қазіргі кезеңдегі ынтымақтастығының өзекті мәселелері, бірлескен экономикалық жобалар және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жолдары талқыланады. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің сарапшылары мен зерттеушілері қатысады.

Бұл ТМҰ мемлекеттері басшыларының кездесуі алдында дәстүрлі түрде өтетін түркі әлемінің жетекші талдау орталықтарының тоғызыншы кеңесі. «Ақыл-ой орталықтары» желісі бойынша ынтымақтастық ерекше өзектілікке ие. Қазіргі таңда бұл серіктестік ТМҰ елдерінің ынтымақтастығын кеңейтудегі маңызды құралдардың бірі.