16 қазанда бірінші Astana Think Tank Forum аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Ғылыми-зерттеу орталығының Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының (РШЕОАИ) өкілдері арасында кездесу өтті.
Кездесу түрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және жаңа байланыс нүктелерін іздеуге арналды және бұл Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қарқынды дамуының тағы бір дәлелі болды. Қатысушылар сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың нәтижелерін, атап айтқанда, тауар айналымын айтарлықтай арттыру және көлік дәліздерін дамыту мәселелерін талқылады. Инфрақұрылым, энергетика және цифрлық трансформация саласындағы бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Негізгі мәселелердің бірі гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми байланыстарды нығайту қажеттілігі болды. Осы тұрғыда кездесуге қатысушылар бірлескен ғылыми жобалар жасау және жетекші халықаралық басылымдарда ғылыми мақалалар жариялау мүмкіндіктерін талқылады.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бүгінгі таңда үлкен аймақтық кеңістіктің көліктік-инфрақұрылымдық трансформациясы және техникалық және цифрлық салада жаңаруы жүріп жатқанын атап өтті.
«Қазақстандық кәсіпорындар Қытайдың ірі электрондық коммерция платформаларымен ынтымақтастық орнатты. Қытайлық өндірушілердің қолжетімділігі мен жеткізу жылдамдығы айтарлықтай артты», — деді Е.Тұқымов.
ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Ғылыми-зерттеу орталығының Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнчуань әлемнің әр түкпірінен келген түрлі елдердің өкілдері бір алаңда бас қосқан форумның ерекше атмосферасын атап өтті. Диалогтың ашық, шынайы және стратегиялық болуы өте маңызды, деді қытайлық сарапшы.
BRI орталығы директорының орынбасары, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының РШЕОАИ Орталық Азия департаментінің басшысы Чжан Нин қытайлық сарапшылар қауымдастығының Қазақстандағы реформаларға және Жаңа Қазақстан феноменіне үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті, сондай-ақ қазақстандық әріптестерді екі елде болып жатқан процестерді терең түсінуде бір-біріне көмектесу мақсатында бірлескен зерттеулер жүргізуге шақырды.
Екі елдің талдамалық орталықтарының жоспарлары – Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының талдау орталықтарының форумын ұйымдастыру туралы меморандумға қол қою. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының аймақтағы тұрақтылық пен өркендеуді нығайтуға ықпал ететін қарқынды және жан-жақты даму әлеуеті бар екеніне сенім білдірді.