Астана халықаралық форумының (AIF) демеушілігімен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өткен «Өзгермелі әлемдік тәртіптегі орта державалар» атты Astana Think Tank Forum бірінші күнінде энергетикалық қауіпсіздік және жаһандық ықпалды басқару стратегияларына арналған сессиялар өтті.
«Тұрақтылықты қамтамасыз ету: энергетикалық тепе-теңдік» тақырыбындағы төртінші сессияны S&P Global Commodity Insights вице-президенті Мэттью Дж. Саджерс (АҚШ) жүргізді.
Халықаралық салық және инвестиция орталығының энергетика, өсу және қауіпсіздік бағдарламасының басқарушы директоры Ариэль Коэн (АҚШ) Қазақстанның айтарлықтай экономикалық және энергетикалық әлеуеті бар екенін атап өтті.
«Қазақстанда көмірсутегінің орасан қоры бар, уран өндіру мен ауыл шаруашылығы өндірісі дамып келеді. Сонымен қатар, сіздердің елдеріңіз үшін әлемдегі негізгі энергия жеткізушілеріне тәуелділікті азайту мақсатында энергетикалық қауіпсіздік пен әртүрлілікті қамтамасыз ету маңызды. Әлемдегі ең ірі уран жеткізушісі бола отырып, Қазақстанның дамуға барлық мүмкіндіктері бар», — деп есептейді сарапшы.
KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Каспий саясат орталығының бас директоры Эфган Нифти өз сөздерінде энергетикалық ауысудың экономикаға әсеріне тоқталды.
М.Мирзағалиев, атап айтқанда, мұнай мен газ дәуірі таяу онжылдықтарда аяқталатынына қарамастан, Қазақстан орта держава ретінде энергетикалық ресурстардың тұрақты жеткізушісі болып қала беретінін мәлімдеді.
«Жаһандық ауысулар — бұл әлем мемлекеттері көтеретін ортақ жауапкершілік. Орталық Азия елдерінде де бұл мәселе бірінші орынға шығады. Бұл ретте энергетикалық жобалардың жаңа технологияларын қаржыландыру ерекше назар аударуды қажет ететін нәрсе», — деді Эфган Нифти.
Сонымен қатар, сарапшының пікірінше, соңғы бірнеше жылда байқалған маңызды тенденция – энергетикалық ауысу жағдайындағы Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың белсенділенуі.
Бесінші сессияда неғұрлым теңдестірілген және ынтымақтасатын жаһандық жүйе құру үшін орта державалардың әлеуетін іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Сессияны Тафтс университетінің Флетчер мектебінің Халықаралық құқық және басқару орталығының аға ғылыми қызметкері Джошуа Линкольн жүргізді.
Манохар Паррикар атындағы Қорғаныстық зерттеулер және талдау институтының Атқарушы кеңесінің мүшесі, Жаһандық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар (Үндістан) унилатерализмнен бас тарту және көпжақтылықтың өсуі бүгінгі таңда әлемдік аренадағы мемлекеттердің көпшілігінің саясатындағы басты үрдіс болып табылады деген пікір білдірді.
«Бұл ШЫҰ және БРИКС сияқты ұйымдар мен форумдардың мысалында байқалады. Үндістан мен Қазақстан сияқты мемлекеттер әртүрлі форматтағы ынтымақтастық пен диалогқа ұмтылады. Біздің мүдделеріміздің сәйкестігі бар, бірақ олар толық сәйкес емес екенін атап өткен жөн. Ал бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі қалыпты жағдай. Біздің әртүрлі мақсаттар мен міндеттеріміз бар және біз басқа елдердің мүдделерін ескере отырып, оларға қол жеткізуге тырысамыз», — деді Ашок Саджанхар.
Француз халықаралық қатынастар институтының Түркия және Таяу Шығыс бағдарламасының басшысы, аға ғылыми қызметкері Дороте Шмид «орта держава» ұғымын демографиялық әлеуетке негізделген аумақтық көлемі мен ықпалы тұрғысынан түсіндіруге болатынын, сондақ ақ орта держава аталуға талпынған мемлекеттің технологиялық даму деңгейін де ескеру керек деп санайды.
«Орта державалардың сыртқы саясаты өте күрделі және көп қырлы екенін атап өткен жөн. Мұны стратегиясында креативті тәсілдерді, соның ішінде «жұмсақ күшті» қолданатын Түркия мысалында көрсетуге болады. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымына, Халықаралық Түркі академиясына және Түркия қатысатын басқа да бастамалар мен жобаларға қатысуға үлкен мән беретін Қазақстанда жақсы белгілі», — деді Д.Шмид.
New Lines Institute Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу жөніндегі аға директоры Камран Бохари (АҚШ) орта державалардың табиғатын зерттеу кезінде олардың әркелкілігіне әкелетін, олардың пайда болуының әртүрлі қозғаушы факторларын түсіну маңызды деген пікір білдірді.
«Орташа державалардың саясатын талдау кезінде режимдердің сипатын, олардың ауқымы мен амбицияларын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына әсер ететін контекстті ескеру де маңызды. Контекстке байланысты бір орта держава өзін басқа орта державадан басқаша ұстауы мүмкін», — деп атап өтті К.Бохари.
Генри Джексон қоғамының қауымдастырылған мүшесі Даррен Спинк (АҚШ) Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы көпір ретіндегі рөліне тоқталды.
«Бүгінде Қазақстан халықаралық аренадағы көпполярлы және көпжақты ойыншының жарқын үлгісі болып табылады. Бұл ретте Қазақстанға әлемдегі қазіргі геосаяси қарама-қайшылықты ескере отырып, бірқатар негізгі бағыттар бойынша көптеген сын-қатерлерге жауап беруге тура келеді», — деді Д.Спинк.
BRI орталығы директорының орынбасары, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының РШЕОАИ Орталық Азия департаментінің басшысы Чжан Нин (Қытай) «Батыс үлгісі» даму моделі бұдан былай адамзат алдында тұрған барлық мәселелердің шешімін таба алмайды деген пікірімен бөлісті.
«COVID-19 пандемиясы және Ресей-Украина қақтығысы халықаралық істердегі дамудағы алшақтық пен белгісіздікті одан әрі ушықтырды. Осының аясында орта державалардың рөлі ерекше көзге түседі. Дамыған және дамушы елдер арасында тәуелсіз «аралық» аймақ сияқты державалардың консорциумын құру халықаралық көпжақты механизмдегі бөлу сызығын жойып, оларға үшінші держава рөлін атқаруға мүмкіндік берер еді. Өйткені орта державалар өз аймақтарында үлкен ықпалға ие және аймақтық даму мен интеграция үшін ресурстарды біріктіре алады», — деді Чжан Нин.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Ғылыми-зерттеу орталығының Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының (РШЕОАИ) басшылығы арасында кездесу өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Индонезияның Сыртқы саясат қоғамдастығы (FPCI) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Е.Тұқымов шетелдік әріптестерін қарсы ала отырып, бүгінгі таңда талдау орталықтары шет мемлекеттердің сыртқы саяси шешімдерін қабылдаудағы маңызды буындардың бірі болып табылатынын атап өтті: «Әлемнің жетекші «ақыл-ой орталықтары» ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен әртараптандырылған байланыстарды дамыту үшін Астанада бас қосты».
Astana Think Tank Forum халықаралық саясаттың, стратегияның және өзгермелі әлемдік тәртіп жағдайында орта державалар арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін маңызды алаңға айналуды мақсат етеді. Қатысушылар жаһандық ауқымда тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін үйлестірілген стратегиялар мен ынтымақтастықты нығайту қажеттігін бірнеше рет атап өтті.