2025 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне көлемді сұхбат берді. Мұндай сұхбат бірінші рет өткізіліп отырған жоқ, сарапшылар мен БАҚ өкілдері Президент пен Қазақстан азаматтары арасындағы қарым-қатынастың бұл форматы дәстүрлі болып келе жатқанын атап өтті.
Сұхбат Қазақстан өңірлеріндегі коммуналдық сектордың жағдайын бағалаудан басталады. Жасыратыны жоқ, бұл сала көптен бері қайта жаңғыртуды, жөндеуді қажет етеді. Бұл бағытта, оның ішінде Павлодар облысында да біршама жұмыстар атқарылды. Мәселен, Павлодар қаласында ТМ-13 ірі жылу магистралінің құрылысы аяқталып, 70 мыңнан астам тұрғынды жылумен қамтуды жақсартты, магистральдық су құбырларын ауқымды реконструкциялау жалғасуда. Келер жылы 4,6 шақырым жаңа су құбырының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Электр желілеріндегі апатты азайту үшін биылғы жылы 148,2 шақырым әуе желісі, 35,2 шақырым кабельдік желі жөнделіп, 60 КТС және 126 трансформаторлық шағын стансада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Инвестициялық бағдарлама аясында 60 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан ескіден екі есе қуатты Солтүстік қалалық қосалқы станциясының құрылысы аяқталды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында биыл Ішкі істер министрлігінің кезекте тұрған 964 адамға жаңа пәтер кілттері табыс етілді.
Қазақстан Президенті өз сөзінде «соңғы он жылда рекордтық өнім – 27 миллион тоннаға жуық астық» жиналған ауыл шаруашылығы саласындағы табыстарды ерекше атап өтті. Бұл салада Павлодар облысы да өз үлесін қосты. Осылайша, облыс ауыл шаруашылығы саласын дамытуға инвестициялық салымдар көлемі бойынша Қазақстан өңірлерінің тізімінде көш бастады. Павлодар облысының экономикасына шамамен 943 млрд теңге тартылды.
Ішкі және сыртқы саясаттың дұрыс жүргізілуі де өз жемісін беруде. Павлодар облысын мысалға ала отырып, Шарбақты ауданындағы Құрқамыс вокзалында «Айбарыс Ltd» ЖШС салып жатқан мұнай өндіру зауытының жобасын атап өтуге болады. Құны 25 миллиард теңгені құрайтын жоба Қытай даму банкі арқылы қаржыландырылады.
Сөз жоқ, мұндай диалог – Президент пен Қазақстан азаматтарының өзара әрекеттестігінің тиімді форматы, мемлекеттік аппарат қызметінің нақты жоспары мен бағыттары, сондай-ақ мемлекетті халықаралық деңгейде тартымды серіктес ретінде дұрыс позициялау болып саналады.
Айжан Серікбаева,
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Павлодар облысы бойынша өкілі, өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы