Skip to content
Басты бет » Диалог пен сындарлы риториканы дамыту: Қазақстан жаһандық саясатта

Диалог пен сындарлы риториканы дамыту: Қазақстан жаһандық саясатта

Теңгерімді ішкі даму, оның ішінде саяси реформалар, Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілететін, халықаралық аренадағы үйлесімді және белсенді ұстанымын көрсетеді. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан орта держава ретінде теңгерімді мінез-құлық пен саяси көзқарастың үлгісін көрсете отырып, елдер мен аймақтар арасында көпір салуды жалғастыруда.

Бұл тәсіл елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді және Қазақстанның аймақтық әрі халықаралық үдерістердегі жауапты, сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Соның нәтижесінде белсенді көпвекторлы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері пайда болады.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы басты тақырыптардың бірі болды. Соңғы жылдары бұл қарым-қатынас «мәңгілік стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді.

2023-2024 жылдар Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстарда ерекше маңызды кезеңге айналды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары Қытайдың Орталық Азиядағы басты серіктесі ретінде Қазақстанның рөлін айқындады. Екі ел көшбасшылары өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөнінде келісімге келді. Бұл мақсатқа жету үшін өзара сенім, саяси ерік және экономикалық интеграция сияқты қажетті алғышарттар толық қарастырылған.

Сондай-ақ Қытаймен визасыз режимнің енгізілуі туристік ағынның артуына, экономикалық және іскерлік байланыстардың нығаюына ықпал етті. Бұл инвестициялық жобалар, мәдени алмасулар және екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

Биыл маңызды оқиғалардың бірі – Орталық Азия – Қытай саммиті өтеді. Мұндай жоғары деңгейдегі іс-шаралар аймақ елдері арасындағы конструктивті өзара іс-қимылды тереңдетуге және экономикалық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше болу Қазақстан үшін айрықша мәнге ие. Өткен жылы Қазақстанның төрағалығымен Ұйым аясында бірқатар ірі жетістіктерге қол жеткізілді. Олардың ішінде маңызды сауда-экономикалық, логистикалық және гуманитарлық жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізіліп, түркі халықтарының бай мәдени мұрасы әлемге таныстырылды.

Түркістан қаласы, Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде, интеграциялық үдерістерде ерекше орын алады. Бұл қала тек мәдени және тарихи орталық қана емес, сонымен қатар аймақтық ынтымақтастықтың стратегиялық алаңы болып табылады.

ТМҰ-ға мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың айтарлықтай кеңеюі байқалады. Бұл өзара тауар айналымының артуымен дәлелденіп отыр: 2024 жылы бұл көрсеткіш 45 миллиард доллардан асты.

Қазақстан жаһандық тұрақсыздық жағдайында да сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайтып, халықаралық жүйенің тұрақтылығына өз үлесін қосуда. Орта держава ретінде еліміз геосаяси шиеленістерді азайтуға, ірі геосаяси орталықтар арасында диалог орнатуға және сындарлы қарым-қатынасты дамытуға ықпал етуде. Қазақстанның бұл бастамалары халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Әлішер Тастенов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы