Қытайлық Deep Seek V3 ашық бастапқы ЖИ негізгі моделі шыққаннан кейін бір апта ішінде амиерикалық, еуропалық және жапондық технологиялық компаниялардың акциялары 1 трлн доллардан астам құлдырады. NVIDIA Чип өндірісіндегі әлемдік көшбасшының капитализациясы 10%-ға төмендеп, сауда-саттық тарихында антирекорд орнатты. Инвестициялық ортада батыс компанияларының құнын қайта бағалау, ал сараптамалық ортада ҚХР-ның технологиялық әлеуетін қайта бағалау басталды.
Зерттеушілердің алдында келесі сұрақ пайда болды: DeepSeek-тің жетістігі –технологиялық инновацияның қытайлық моделін қалыптастыру белгісі ме?
Deep Seek серпілісі тіпті Қытайдың өзінде де тосын сый болды: компания мемлекеттік жоба емес, үкіметтік субсидиялар мен жеңілдіктерді пайдаланбады және жалпы Қытайдың технологиялық индустриясының перифериясында ұзақ уақыт болды. ҚХР-ның қаныққан цифрлық нарығында мұндай шағын компанияға (барлығы 150 адам) жетістікке жету қиын, сондықтан DeepSeek менеджменті шығармашылықты арттыруға бағытталған.
Қытай сарапшылары жазғандай, DeepSeek корпоративтік мәдениеті академиялық ынтымақтастық стиліне және жас мамандардың автономиясына негізделген. Зерттеу топтары міндеттер бойынша құрылып, перспективалық идеялар бюрократиялық кідіріссіз қаржыландырылады.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, DeepSeek қызметкерлерінің көпшілігі компанияға университет аяқтағаннан кейін бірден келді, кадр саясаты 8 жылдан астам тәжірибесі бар мамандарды жұмысқа алуға тыйым салады. Оңтайлы үміткер – 3 жылдық тәжірибесі бар жас бағдарламашы, халықаралық конкурстар мен хакатондардың қатысушысы. Компания басшысы Лян Вэнфэнь мұны былай түсіндіреді: «Бізге тәжірибеге сүйене отырып жауап іздеуге дағдыланған адамдар емес, технологияға құмар адамдар қажет».
DeepSeek командасы – Қытай жоғары оқу орындарының түлектері. Лян Вэнфэнь ешқашан құрлықтық Қытайдан тыс жерде оқымаған немесе жұмыс істемеген. Жергілікті таланттарды іздеу және тарту – компания ерекшеліктерінің бірі.
Осылайша, DeepSeek жағдайы Қытайдың шетелдік технологияларды трансферлеуге толықтай тәуелді екендігі туралы кең таралған пікірді жоққа шығарады және сындарлы бетбұрыс сәтін білдіреді: ел дамудың сондай бір кезеңіне жетті, онда ол жоғары технологияларды өз бетінше өндіре алады, мысалы, тек жергілікті мамандар мен инновациялық басқару тәжірибесіне сүйене отырып, озық жасанды интеллект модельдерін жасай алады.
Австралияның Стратегиялық саясат институты (ASPI) өз ASPI’s Critical Technology Tracker баяндамасында соңғы жиырма жыл ішінде ғылыми көшбасшылықтың Қытай бастаған Үнді-Тынық мұхиты аймағының ірі экономикаларына қарай айтарлықтай ығысқанын тіркейді. Құжатқа сәйкес, 2003–2007 жылдар аралығында АҚШ 64 маңызды технологияның 60-ында жетекші болған, алайда соңғы бес жылда (2019–2023) небәрі жетеуінде ғана көшбасшы болып қалған. Ал Қытай 2003–2007 жылдары 64 технологияның тек үшеуінде ғана жетекші болса, соңғы бес жылда (2019–2023) 64 технологияның 57-сінде көшбасшылыққа қол жеткізген.
DeepSeek-тің жетістігі, сондай-ақ Қытайдың электромобильдер, фотоэлектрлік панельдер, аккумуляторлар және басқа да көптеген салалардағы жетістіктері Қытай тек қуып жетіп қана қоймай, Батыстың жетекші инновациялық экономикаларымен тең дәрежеде бәсекелес екендігі туралы тезисті растайды.
Шартты түрде «технологиялық бәсеке» деп аталатын процестердің қиындықсыз өтіп жатыр деуге болмайды. Мысалы, жасанды интеллект – мүлде басқа ресурстар түрін, атап айтқанда, адами капиталды қажет ететін күрделі техникалық сала. Көп жылдар бойы Қытай маман тапшылығын халықаралық ынтымақтастықтың түрлі форматтары арқылы шешіп келді. Алайда қазір бұл тәсілдер қытай экономикасында байқалып отырған таланттар мен жаңашылдардың жетіспеушілігін толықтай өтей алмайды.
Осы жылдың қаңтар айында ҚКП Орталық Комитеті мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі 2035 жылға дейінгі білім беру саласында қуатты мемлекет құру тұжырымдамалық жоспарын жариялады. Бұл құжатта ұлттық стратегиялық ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту мен нығайтуға бағытталған 11 мақсатты көрсеткіш белгіленген. Сонымен қатар іргелі ғылымның қозғаушы күші және ғылыми-технологиялық серпілістердің қайнар көзі ретінде зерттеу университеттерінің рөлі арта түсуде. Үкімет ауқымды ғылыми инфрақұрылымдарды, университеттік технопарктерді, пәнаралық ықпалдасуға арналған платформаларды және ғылыми мектептер мен бизнес арасындағы пилоттық сынақ алаңдарын салуды қолға алды. Осылайша, Қытай басшылығының басты мақсаты – жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық өнімдерді өндіру мен экспорттауға негізделген білім экономикасын қалыптастыруға қолайлы орта жасау.
Бүгінде Қытайды жаңа технологиялық супердержава деп атайтынымызды ескерсек, бірнеше онжылдық бұрын қытай тілінің цифрлық технологиялармен үйлесімсіз деп саналғанын елестету қиын. Қытайлық инженерлер мен лингвистер сол кезде шешілмейтіндей көрінген күрделі міндеттің – жеке компьютерде мыңдаған қытай иероглифтерін мәтіндік құжатқа енгізу әдісін табудың үстінде жұмыс істеді. Бұл ауқымды еңбек бұлттық технологиялардың, автотолтыру мен болжамды енгізудің дамуын айқындап, тіл мен технологияның өзара әрекеттесуінің жаңа парадигмасын қалыптастырды.
DeepSeek қытайлық тілдік моделі сынға ұшырағанына қарамастан, табиғи тілді өңдеуде және күрделі есептеу міндеттерін шешуде жоғары тиімділікті көрсетіп келеді. Сонымен қатар ол қытай тілдік деректерімен жұмыс істеуге бейімделген және тілдің жергілікті ерекшеліктерін ескереді, бұл латын әліпбиіне негізделмеген жазу жүйелерін қолданатын миллиардтаған адамдар үшін аса маңызды. Үндістан қазірдің өзінде өз жасанды интеллектін құру жөніндегі ауқымды жоспарларын жариялады. Кезек араб әлемі мен басқа да аймақтарға келді.
Америкалық, қытайлық және еуропалық жоғары технологиялық компаниялардың тәжірибесі көрсеткендей, ҒЗТКЖ-ға (R&D) инвестициялау және технологиялық дамуды ұзақ мерзімді жоспарлау шешуші рөл атқарады. Қазақстанға жергілікті ерекшеліктерді ескеретін шешімдерді әзірлеп, технологияларды мәдени және экономикалық шынайылыққа бейімдеу маңызды. Ұлттық технологиялық экожүйені құру үшін бірнеше басым бағытқа назар аудару қажет (мысалы, ауыл шаруашылығына арналған жасанды интеллект, FinTech және қаржылық технологиялар, энергетика саласындағы IT шешімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру, қалалық инфрақұрылымды интеллектуалды басқару). Сонымен қатар адами капиталды дамыту бойынша басқа елдердің тәжірибесін зерттеу маңызды. Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен жергілікті таланттар мен білімге инвестициялауды үйлестіретін аралас тәсілді қолдана алады. Бұл стратегия елдің технологиялық тәуелсіздігін арттырып, жаңа инновациялық серпілістерге жол ашады.
Әлия Мұсабекова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы