Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас ғылыми қызметкері
Адамның әлеуметтік мәртебесі мен қоғамдағы орны оның білімі, тұрғылықты жері, қаржылық жағдайы секілді бастапқы мүмкіндіктеріне байланысты анықталады. Әлеуметтанушылар оны қысқаша «өмірлік мүмкіндіктер» деп атайды. Әрине, бастапқы жағдайлар үлкен рөл атқарады, дегенмен қазіргі қоғамдарды тарихи қоғамдардан ерекшелендіретін ол — білім алу және жаңа дағдыларды дамыту арқылы өмірлік мүмкіндіктерді арттыра алу жағдайының болуы. Тарихи тұрғыдан кез келген қоғамда «алтын сарайда туылу» маңызды болғаны барлығына мәлім, бірақ бүгінде бұл жеткіліксіз. Заманауи әлеуметтік мобильділік білімді болуды, жаңа дағдыларды меңгеруді, өзін-өзі дамытуға ұмтылуды, әріптестермен және достармен жақсы қарым-қатынасты сақтауды, денсаулықты күтуді, сондай-ақ, қаржылық сауатты қалыптастыруды қажет етеді.
Замамануи өмірлік мүмкіндіктер қатары, көріп отырғанымыздай, өте ауқымды, оның ішінде көшбасшылық білім мен дағдыларға тиесілі болып отыр. Жаңа дағдыларды дамыту құндылығының пайда болғанын кейбіреулеріміз байқап, ал кейбіреулеріміз өз тәжірибемізде сезініп те жүрміз. Бұрындары тек білім ғана ерекше құндылыққа ие болса, бүгінде дағдылар да жоғары бағалана бастады, өйткені білімді тәжірибеде ҚОЛДАНА білу мүмкіндігінің де құндылығы артты. Сол себепті, білімді дағдыға айналдырып, үздіксіз даму маңызды.
Неліктен дағдылардың маңызы арта бастады? Өйткені білімдер уақыт өте келе ескірсе, дағдылар ДЕРЕУ қолданысқа ену қасиетіне ие. Бүгінгі таңда білімді ғана емес, осы білімді қолдана алатын мамандар қажет, басқаша айтқанда, ұйымдар мен кәсіпорындарда міндеттер мен мәселелерді НАҚТЫ шешуге қабілетті мамандарға сұраныс артып келеді. Мұның барлығы бірте-бірте еңбек нарығындағы өзгерістерге әкелуде – жұмысты тиімдірек және өнімді орындау үшін арнайы мамандандырылған дағдылары бар мамандарға сұраныс арта бастады. Жаңа дағдылар жаңа салаларға жол ашады және мансап траекториясының мүмкіндіктерін арттырады, өзін-өзі бағалауды, сенімділік пен тәуелсіздікті жоғарылатады, ал адамдар басқаларға азырақ арқа сүйейді! Тағы бір маңызды себеп – тез өзгеретін технологиялар мен жұмыс әдістеріне бейімделу қажеттілігі.
Қазақстанда дағдыларды дамыту қалай жүзеге асып жатыр? Бұл жерде ҚСЗИ тапсырысымен 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларында жүргізілген әлеуметтанулық сауалнаманың деректері пайдалы болуы мүмкін[i]. Сонымен, «Соңғы 12 ай ішінде сіз кәсіптік курстарда, біліктілікті арттыру курстарында немесе кез келген басқа курстарда, соның ішінде шет тілі курстарында, жұмыс орнында, оның ішінде онлайн курстарда оқыдыңыз ба немесе оқып жатырсыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 18,8%-ы оң жауап берген, яғни әрбір бесінші ересек қазақстандық соңғы 12 айда қандай да бір білім алған. Бұл ретте, кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға қарағанда, жетекшілер мен жалдамалы жұмыс істейтіндер көбірек білім алатыны анықталды, ал жұмыспен қамтылу саласы бойынша олардың саны білім алу, мемлекеттік қызмет және сауда салаларында басым.
Жұмыспен қамтамасыз етілмегендермен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандардың арасында біліктілікті арттыру курстарына қатысқандардың саны үш есе көп. Сондай-ақ жұмыспен қамтамасыз етілмегендер арасында осындай курстарға қатысатындардың басым бөлігі студенттер, жұмыссыздар үй шаруасындағы әйелдерден енжар. Әйелдер кәсіби дамудың бұл түрін ерлерге қарағанда екі есе көп таңдайды. Қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда көбірек білім алады, олардың саны географиялық тұрғыдан Алматы қаласы, Алматы және Қостанай облыстарында басым. Адамдың өзінің сатып алу қабілетін бағалау деңгейі неғұрлым жоғары болса («Теледидар немесе тоңазытқыш сатып аламыз, бірақ көлікке, пәтерге немесе үйге ақшамыз жетпейді»; «Бізде барлығына ақша жеткілікті, қажет болса, көлік, пәтер немесе үй сатып аламыз» санаттары), соғұрлым жиі білім алады.
Қазақстандықтар арасында дәстүрлі білім беру түрі әлі де басым, респонденттердің 46,8%-ы күндізгі форматта, офлайн, ал 40,9%-ы онлайн оқыған.
Респонденттердің үштен екі бөлігінде (69,3%) курстар мамандықпен сәйкес келсе, үштен бірінде – олар сәйкес келмеген (30,7%). Бұл сұрақ тек соңғы 12 айда кез келген курста оқыған респонденттерге қойылды.
Сонымен, қанша қазақстандық шет тілдерін біледі және қаншалықты деңгейде? Респонденттердің 8,2%-ы шет тілін еркін меңгерген; 6,9%-ы өз ойын шет тілінде жеткізе алады және жеткілікті түрде еркін оқиды; ал 13,0%-ы өз ойын шет тілінде жеткізе алады, оқып, сөздік арқылы аудара алады. Респонденттердің 71,9%-ы, яғни елдегі кәмелетке толған азаматтардың төрттен үш бөлігі шет тілін білмейді. Қазақстандағы шет тілін меңгеру ерекшеліктері мынада: әйелдер ерлерге қарағанда тілдерді үйренуде екі есе белсенді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында, www.skills.enbek.kz платформасында 852 курс бар, сайт бізді үздіксіз өзгеріп отыруға шақырады, өйткені дағдылар әр бес жыл сайын ескіреді, сондықтан, платформа авторларына сәйкес, кәсіби өзектілікті сақтау үшін аптасына 20 сағатқа дейін білім алу қажет. 170 автор өз курстарын жариялаған Платформаны бүгінге дейін жарты миллионнан астам адам пайдаланған.
Осылайша, адамдардың өмірлік мүмкіндіктері бірдей бола бермейді, дегенмен олардың МЕХАНИЗМДЕРІН ТҮСІНУ өмірді жақсы басқаруға және табысқа жетуге көмектеседі, оның ішінде дағдыларды дамыту – өмірлік мүмкіндіктерді өзгертудің маңызды жолдарының бірі.
[i] Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2024 жылғы 18 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысты.

