Skip to content
Басты бет » Жұмыспен қамтудың болашағы: білім беру жүйесінің еңбек нарығына әсері

Жұмыспен қамтудың болашағы: білім беру жүйесінің еңбек нарығына әсері

Гүлназ Қасымова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы

Мамандық таңдау – өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Алайда бүгінгі таңда жастар білім беру мен еңбек нарығының нақты талаптары арасындағы алшақтыққа жиі тап болады. Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі, технологиялардың қарқынды дамуы және өзгермелі экономика жаңа сын-қатерлер туындатуда, оларды жүйелі түрде шешу мектеп кезеңінен басталуы қажет.

2024 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ел халқының саны 20,03 миллион адамға жетті, оның 34%-ын кәмелетке толмаған балалар құрайды. Демографиялық факторлар экономика мен еңбек нарығы үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар, белгілі бір сын-қатерлер де тудырады. Болжамдарға сәйкес жыл сайынғы жаңа жұмыс күшінің қосылуы 2030 жылға қарай жастардың еңбек нарығындағы үлесін 6 миллион адамға дейін арттыратынын көрсетеді. Алайда, жұмыспен қамту саласындағы жаһандық үрдістер біркелкі емес: автоматтандыру, цифрландыру және экономикалық құрылымның өзгеруі икемділік, креативтілік және технологиялық дағдыларға деген сұранысты қалыптастыруда.

Қазақстанның еңбек нарығы қосарланған сын-қатерге тап болуда: бір жағынан, инженерия, IT және нақты ғылымдар саласында білікті мамандардың тапшылығы байқалса, екінші жағынан – гуманитарлық мамандықтар бойынша түлектердің артық болуы, олардың өз білімдерін тиімді пайдалану мүмкіндігінің шектеулілігі. Мысалы, 2023/2024 оқу жылында 157 106 студент оқуын аяқтады, олардың 37,7%-ы білім беру саласына тиесілі болса, инженерлік, өңдеу және құрылыс мамандықтарына бар болғаны 17,1% ғана сәйкес келеді.

Жұмыспен қамту дағдарысының негізгі факторларының бірі – білім беру жүйесінің еңбек нарығы талаптарына сәйкес келмеуі. Жоғары білімге мемлекет тарапынан салынған қомақты инвестицияға және жыл сайын мыңдаған білім беру гранттары бөлінетініне қарамастан, мамандық бойынша нақты жұмысқа орналасу коэффициенті төмен деңгейде қалып отыр. ҚР СЖжРА ҰСБ жүргізген таңдаулы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) түлектері арасында – 29%, ал жоғары білім алғандар арасында – 17%-ды құрайды. Университет пен ТжКБ түлектері көбінесе қызмет көрсету саласына немесе жоғары білімді қажет етпейтін жұмыс орындарына кетуге мәжбүр. Мұндай үрдістер тұрақсыз жұмыспен қамту, төмен жалақы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауымен сипатталатын әлеуметтік топ – прекариаттың  қалыптасуына ықпал етуде.

Мәселенің шешіміндегі негізгі элемент – мектеп деңгейінде тиімді кәсіби бағдар беру болуы тиіс. Алайда қазіргі уақытта елдің әртүрлі өңірлеріндегі мектептерде кәсіби бағдарлау нақты жүйесіз жүзеге асырылуда. Бұл жағдай оқушылардың саналы түрде мамандық таңдауына қажетті құралдардың жетіспеуіне әкеледі, нәтижесінде олар еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктерден гөрі дипломның беделіне көбірек мән береді. Соның салдарынан көптеген жастар өз дағдылары мен қызығушылықтарына сай келмейтін мамандықтарды таңдайды, бұл жұмысқа қанағаттанбауға және кадр тұрақсыздығының жоғары болуына алып келеді.

Қалыптасқан жағдайды түзету үшін жүйелі шаралар қажет. Бұл ретте кәсіби бағдар беруші мамандарды даярлау, сондай-ақ edunavigator.kz сияқты цифрлық платформаларды пайдалану маңызды рөл атқара алады. Мұндай платформалар мектеп оқушыларына кәсіби бейімділікті анықтау тесттерінен өтуге, сұранысқа ие мамандықтарды зерттеуге және білім беру траекториясын экономиканың нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ТжКБ жүйесін жаңғырту жоспарланған. Бұл тек бюджет көлемін ұлғайтуды ғана емес, сонымен қатар қолданбалы дағдыларды дамытуды, тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін кеңейтуді және жұмыс берушілермен ынтымақтастық арқылы қосалқы оқытуды жетілдіруді қамтиды. Барлық осы шаралар объективті қажеттіліктен туындап отыр, өйткені терең реформаларсыз еңбек нарығындағы теңгерімсіздік күшейіп, әлеуметтік теңсіздіктің артуына әкелуі мүмкін.