Skip to content
Басты бет » Сауалнамаға қатысқан ауыл тұрғындарының төрттен үш бөлігі елорда мен қалаға көшуді жоспарламайды – ҚСЗИ әлеуметтанулық сауалнама деректерін ұсынды

Сауалнамаға қатысқан ауыл тұрғындарының төрттен үш бөлігі елорда мен қалаға көшуді жоспарламайды – ҚСЗИ әлеуметтанулық сауалнама деректерін ұсынды

Қазақстанда ауылдардан елордаға және ірі қалаларға көші-қон біртіндеп бәсеңдеп жатыр ма?

Айгүл Забирова,

 ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері,

 әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор

ХХ-ғасырда ауылдар мен шағын қалалар ірі қалалардың «демографиялық резервуары» рөлін атқарды. Бұл құбылыстың себептері түсінікті: кез келген өңірдің ауылдық жерлерінде туу көрсеткіші жоғары, ал өмір сүру деңгейі қарапайым әрі табысы төмендеу. Сондықтан ауылдар мен шағын қалалар ірі қалаларды адам ресурстарымен қамтамасыз ететін негізгі қайнар көзге айналды. Қаланың жарқыраған «шамдары» – жақсы білім алу мүмкіндігі, жұмыспен қамтылу, өзін-өзі дамыту секілді артықшылықтар – ауыл жастарын өзіне тартып келді және бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Кеңестік кезеңде ауыл тұрғындары тұрақты тіркеу (прописка) жүйесі арқылы ауылға «байланды». Ал тәуелсіздікпен бірге азаматтарға еркін қоныс аудару мүмкіндігі берілді. Осылайша ішкі көші-қон жанданып, ірі қалалар демографиялық ресурстармен қамтамасыз етілді.

Мысалы, 90-жылдардың басынан бері төрт миллионға жуық қазақстандық ішкі, негізінен ауылдан қалаға көшу үрдісіне тартылды. Дәл осы көші-қон легі отыз жыл бойы еліміз үшін аса маңызды болып саналатын қала халқының санының өсуіне серпін берді. Сондықтан да, 2025 жылдың басында Қазақстандағы қала тұрғындарының саны 12 773 115 адамға жетсе, ауыл халқы тек 7 510 284 адам ғана болды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, 2030 жылы қалалықтар үлесі ел халқының шамамен үштен екісін (64,2%) құраса, ауылдықтардың үлесі үштен біріне (35,8%) дейін төмендемек.

Осыған байланысты мамандардың Қазақстандағы қарқынды урбанизацияның қысқа мерзімді салдары мен орта мерзімді келешегі жайлы алаңдаушылықтары негізсіз емес. Алайда ұзақ мерзімді тұрғыдан алғанда –тұрақты урбанизация деңгейін қамтамасыз ету және мемлекеттің геостратегиялық тепе-теңдігін сақтау үшін туу көрсеткішін қолдау қажет болған жағдайда – ауыл демографиялық ресурс ретінде ерекше назар аударуды талап етеді.

Қазақстан ауылдарының мәселелері белгілі – инвестициялардың жетіспеушілігі, инфрақұрылымның әлсіздігі (кей жерлерде мүлде болмауы), заманауи технологияларға қолжетімділіктің шектеулігі. Дәл осы себептерге байланысты жастар ауылдан қалаға көшуге ұмтылады, олар белсенді әрі болашағы зор өмір сүру ортасын қалалардан іздейді.

Урбанизация үрлісі ұзақ уақыт бойы жүріп жатқан елдерде көптеген ауылдық аумақтар қалаларға қоныс аудару үшін қажет демографиялық әлеуетін әлдеқашан сарқып болғанын есте сақтауымыз керек. Мұның айқын мысалдарының бірі – Жапония, мұнда мегаполистерге жастардың жаппай көшуіне байланысты көптеген ауылдар мүлдем жойылып кетті, соның салдарынан ауылдан қалаға көшу мүмкіндігінің әлеуеті күрт төмендеді. Ал Италияның оңтүстік өңірлерінде ауылдық жерлер жастарды қалаларға бағыттайтындай әлеуеттен айырылған. Сондықтан мұндай елді-мекендерде тұрғын үйлер символикалық бағаға сатылып жатыр.

Бір қызығы бұл процестер Болгария мен Румыния сияқты социалистік жүйеден өткен елдерге де әсер ете бастады, онда отыз жылдық эмиграция кезеңі ауылдық аймақтарда еңбекке жарамды тұрғындардың санын азайтты. Басқаша айтқанда, көптеген елдерде ауылдық аймақтар жаңа белсенді миграциялық толқындарды қалыптастыру үшін демографиялық ресурстарын толықтай сарқып бітірді, бұл аймақтық дамудың мәселелерін одан әрі ушықтырып, қалалар мен ауылдар арасындағы теңсіздіктің тереңдеуіне себеп болды.

Қазақстанда, әсіресе мегаполистерге бағытталған ауылдан қалаға көші-қон процестері белсенді жүріп жатқан аймақтарда, бұл процесс кейбір өңірлерде инновациялық әлеуеттің төмендеуіне алып келуде. Білімге және қызметтерге сұраныстың төмендеуі, өз кезегінде, бұл аймақтарды инвестициялар мен инфрақұрылымдық даму үшін тартымды етпейді. Біздің ауылдарымызда демографиялық база сақталды ма, әлде ол толықтай сарқылды ма? Қалған тұрғындар жаңа миграциялық толқындар жасай алатын деңгейде ме? – бұл сұрақтарға жауапты КИСИ тапсырысы бойынша 2024 жылғы 21 қазан мен 4 қараша аралығында жүргізілген әлеуметтанулық сауалнама деректері негізінде ұсынуға болады.

Еліміздің 17 облысынан 1200 респондент сұралды, нақты айтқанда 42 аудан орталығы мен үш облыс орталығының тұрғындары қатысты. Үш мегаполис тұрғындары сауалнамаға қатысқан жоқ, респонденттердің 88,8%-ы ауылдық жерде тұрады, тек 11,2%-ы қала тұрғындары. Басқаша айтқанда, осы сауалнаманың нәтижелері репрезентативті емес, яғни біз бұл эмпирикалық ақпаратты бүкіл елдің ересек халқының өкілдеріне қатысты деп көрсете алмаймыз, алайда бұл «құрылым» ауыл тұрғындарының көші-қон бағыты жөніндегі пікірлерін түсінуге пайдалы мағлұмат береді.

Сауалнамада «Сіз жақын арада көшесіз бе?» деген сұрақ қойылды. Маңыздысы, көпшілігінің (респонденттердің 86%) мұндай жоспарлары жоқ. 88,8% ауылдық респонденттердің 76,4%-ы ешқандай көшу жоспары жоқ деп жауап берді – бұл едәуір үлкен көрсеткіш, демек бұл көші-қон «арнасының» сарқылып, күшті болса да «бұлақ» деңгейіне дейін қысқаруын болжауға болады.

Респонденттердің 12,3%-ы «Иә» деп жауап берді. Олардың кейбірі басқа елге, не болмаса Қазақстанның басқа облысына, немесе өз облысындағы басқа елді мекенге көшуді жоспарлап отырғандарын айтты. Жалпы алғанда, халықтың 12%-ын қамтитын көшуді жоспарлағандардың жұмысқа жарамды жастағы адамдар екенін ескерсек, бұл айтарлықтай жоғалтуды білдіреді.

Мысалы, респонденттердің 4,3%-ы басқа елге көшіп, эмиграция жасағысы келетінін айтты. Олардың көпшілігі еңбекке жарамды жастағылар (3,1%) және табыс деңгейі бойынша әлеуметтік осал топтарға жатады, сондай-ақ ауылдық жерде тұрады (4,3%-дың 4,0%), 2,3%-ы – отбасылы адамдар. Ұлттық құрамына келсек, басқа елге көшуге ниетті респонденттердің 2,2%-ы – қазақтар, 1,8%-ы – орыстар, ал 0,4%-ы – өзге ұлт өкілдері. Бұл топтың ішінде ер адамдар басым – 4,3%-дың 2,5%-ын құрайды.

Сыртқы көші-қонның негізгі сепептері қандай? Өздері мен балалары үшін болашағының болмауы, жоғары жалақысы бар жұмыс табуға деген үміт және сапалы білім алу мүмкіндігі. Бұл себептер миграцияның еңбекке және әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты екенін көрсетеді.

Ал басқа облысқа көшуді респонденттердің 5,1%-ы жоспарлап отыр. Олардың басым бөлігі отбасылы (3,2%), жұмыспен қамтылған (4,0%) және әлеуметтік осал топтарға жатады (3,8%). Бұл миграциялық толқында әйелдер үлесі басым (5,1%-дың 3,5%-ы). Егер шетелге көшуге ниеттілер арасында жастар көбірек болса, облысаралық қоныс аударуды жоспарлап отырғандардың қатарында орта жастағы адамдар басым.

Ресми статистикалық деректер көрсеткендей, облысаралық көші-қон бағытында оң көрсеткіштер тек мегаполистерде байқалады – яғни, келгендердің саны кеткендерден көп. Ал қалған өңірлерде, керісінше, теріс сальдо тіркелуде – бұл аумақтардан көшіп кетушілер саны келгендер санынан асып түседі. Осыған байланысты ұлттық деңгейдегі көші-қон қозғалысының бәсеңдегені байқалады. Себебі қазіргі уақытта облысаралық қоныс аударулар макроөңірлік сипатқа ие бола бастады, мысалы, 2020 жылдан бері статистика негізінен екі бағытты ғана көрсетеді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары Алматы мен Шымкент қалаларына қоныс аударса, солтүстік пен орталық өңірлердің тұрғындары көбіне Астанаға, сирек жағдайда Алматыға көшуде.

Облыс аумағында қоныс аудару. Респонденттердің тек 2,9%-ы ғана облыс шеңберінде басқа елді мекенге көшу ниетін білдірген. Олардың басым бөлігі – отбасылы азаматтар, жұмыс істейтіндер де, жұмыссыздар да бар. Табыс деңгейі бойынша – әлеуметтік осал топтарға жатады. Бұл топта әйелдер (2,9%-дың 2,5%-ы), қазақтар (2,1%) және жоғары білімді жастар басым.

Тағы бір ескертеміз, бұл зерттеудің нәтижелері репрезентативті емес, сондықтан бүкіл елге қатысты жалпылама қорытынды жасауға келмейді. Алайда, солтүстік өңірлердегі көші-қон белсенділігі мен кейбір аймақтарда, мысалы, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында жергілікті жермен «байланыс» байқалады – бұл аймақтарда бірде-бір респондент шетелге немесе басқа облысқа көшу ниетін білдірмеген.

Экономикалық әлеуеттің төмендеуі, өмір сүру сапасының нашарлауы, әсіресе ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мен табиғи ресурстардың тиімсіз пайдаланылу қаупі кейбір өңірлерде «бос кеңістіктерінің» пайда болуына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты мемлекет пен өңірлік билік үшін шалғай аумақтардағы жергілікті білікті кадрларды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция тарту аса маңызды.