Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) сарапшыларымен, сондай-ақ сараптамалық қауымдастық пен азаматтық сектор өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – елдің ішкі саясатының өзекті бағыттары.
ҚСЗИ – мемлекеттік жетекші аналитикалық орталық ретінде ішкі саясаттың тұжырымдамалық негіздерін талқылауға арналған негізгі алаңға айналды.
Кездесуге ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева, ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Амина Үрпекова, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, саяси шолушы Ғазиз Әбішев, «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, Қазақстан қоғамдық даму институтының төрағасы Нұрбек Матжани және әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова қатысты.
Талқылау барысында ішкі саясатқа арналған бірыңғай тұжырымдамалық құжатты әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Құжаттың негізгі жобасын ҚСЗИ әзірледі. Сонымен қатар, оны дайындауға Ұлттық құрылтай мүшелері де қатысты.
Мемлекеттік кеңесші бұл құжат мемлекет пен қоғам арасындағы өзара әрекеттестіктің негізінде жатқан басты қағидаттар мен құндылықтарды біріктіруге бағытталғанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар бұл бастаманы қолдап, құжат мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеуге және басымдықтарды нақтылауға көмектесетінін атап өтті.
