Марат Рамазанов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер
бөлімінің бас сарапшысы
Ағымдағы жылдың 4 мамырында Румынияда қайта президенттік сайлау басталады. Бұл сайлауды өткізу қажеттілігі Румыния Конституциялық сотының 2024 жылғы қарашада өткен кезекті сайлаудың бірінші турының қорытындыларын жарамсыз деп тануына байланысты.
Румыния мемлекетінің басшысы болуға 11 үміткер тіркелген, олардың төртеуі тәуелсіз. 18 миллион 900 мың азамат дауыс беру құқығына ие. «Румындарды біріктіру альянсы» партиясының жетекшісі Джордж Симионның 2-турға (а.ж. 18 мамыр) өтуіне мүмкіндігі зор. Оған Крин Антонеску («Румыния алға» альянсы), тәуелсіз кандидаттар Никушор Дан және Виктор Понта бәсекелесе алады.
Алдағы сайлау Қазақстан мен Румынияның стратегиялық ынтымақтастығын орнату перспективалары тұрғысынан қызықты. Бухарест қазірдің өзінде Астананың Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы және жалпы Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі болып табылады.
Бүгінгі таңда Румыния Қазақстанның әлемдегі барлық сауда серіктестері арасында 10-шы және Еуропа елдері арасында 5-ші орында. Өзара тауар айналымы қазірдің өзінде 2 2,9 млрд-қа жетті, ал Румынияға қазақстандық экспорт 2 2,7 млрд-тан асты.
Бизнес саласындағы ынтымақтастықты нығайту шеңберінде Қазақстанда румын капиталының қатысуымен 40-қа жуық компания, ал Румынияда – 35 компания жұмыс істейді. 2005 жылдан 2023 жылға дейін Шығыс Еуропа мемлекетінен біздің елімізге инвестициялар ағыны шамамен $1,6 млрд құрады.
Астана мен Бухарест арасында құрылған саяси диалог өзара қарым-қатынастарды, ең алдымен, көлік-логистика саласында, оның ішінде экономикалық жобаларды инвестициялауды көздейтін Еуроодақтың Global Gateway ауқымды жобасы шеңберінде сапалы жаңа деңгейге шығаруға елеулі негіз береді.
Румыния мен Қазақстан арасындағы сауда дәліздерінің әлеуетті кеңеюімен қатар, атом саласындағы жобаларды қоса алғанда, энергетика, ауыл шаруашылығы, қорғаныс және өңірлік қауіпсіздік ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары саналады. Астана мен Бухарест арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуын ескере отырып, тараптар өзара қатынастарды одан әрі әртараптандыруға кең мүмкіндіктерге ие болып отыр.