Skip to content
Басты бет » Ата-ананың мақтанышы – қазақстандықтардың 92%-ы үшін өмірдегі ең басты мақсат

Ата-ананың мақтанышы – қазақстандықтардың 92%-ы үшін өмірдегі ең басты мақсат

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстандықтардың 92%-ы үшін ата-анасының оларды мақтан тұтуы аса маңызды. Олар табысты болса да, өз бетінше өмір сүріп, еңбек етіп, саяхаттаса да, нарық пен бәсекелестік жағдайында өссе де, бәрібір бұл сезім сақталады. Неліктен біз ересек болсақ та, ата-анамыз үшін «жақсы бала» болуды соншалықты маңызды санаймыз? Неліктен қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін өмірдегі басты мақсаттардың бірі – ата-анасының мақтанышы? «Мен өзім» және «Мен жалғыз емеспін» деген екі код қалай қатар өмір сүріп келеді? Бұл туралы ҚСЗИ сайтына арналған авторлық колонкамда бөлісемін.

Соңғы онжылдықта қоғамымыз белсенді жаңғыру, нарықтық қатынастар, жеке жауапкершілік, кәсіби мансап және таңдау еркіндігі жағдайында өмір сүріп келеді. Мұның бәрі қоғамдық дискурсқа еніп, қалыпты құбылысқа айналды. Бірақ, екінші жағынан, отбасы әлі де адам үшін моральдық әрі эмоциялық тұрақтылықтың негізгі тірегі болып қала береді. Дәл сол отбасы кіммен ақылдасатынымызды, кімге «борышты» екенімізді және кім үшін өмір сүретінімізді айқындайды. Басқаша айтқанда, ұжымшылдық жоғалып кеткен жоқ, ол тек өзгеріп, сыртқы әлеуметтік норма емес, ішкі бағдарға айналды.

Ұжымшылдық дегеніміз не? Ұжымшылдық – бұл жеке мүдделерден гөрі топтың (отбасы, ру, ұлт) мүддесін жоғары қоятын көзқарас. «…Ұжымшылдық – адам өзін белгілі бір әлеуметтік топтың мүшесі ретінде қабылдап, сол топтың мүшелерімен эмоциялық тұрғыда өзара тәуелді болуын және ортақ мақсаттар мен міндеттерге ұмтылуын білдіретін ұстаным» (Триандис, 1995). Қоғамдағы мәдени бағдарларды білу не үшін маңызды? Себебі олар – экономикалық және саяси процестердің үнсіз қозғаушы күші. Мәдени бағдарлар – біздің неге құндылық береміз, нені маңызды деп санаймыз және кімнің пікірімен санасамыз деген сұрақтарға жауап беретін дүниелер. Ұжымшылдық деңгейін өлшеу – қоғамның моральдық архитектурасының қалай құрылғанын түсіну деген сөз. Мәдени бағдарлар мен құндылықтар адамдардың мансап пен білім жолдарын қалай қалыптастыратынын айқындайды (броыш сезімінен бе, әлде қызығушылықтан ба?), мемлекетті қалай қабылдайтынын көрсетеді (қамқоршы ретінде ме, әлде қызмет көрсетуші институт ретінде ме?), ақшаны, тәуекелді, инновацияны қалай бағалайтынын анықтайды (отбасы тұрақтылығын сақтау үшін бе, әлде жеке еркіндік үшін бе?), шешімдерді қалай қабылдайтынын сипаттайды (өз бетімен бе, әлде туыстарымен ақылдасып па?).

Біз мұны қалай өлшедік?Біз «Сіз ұжымшылсыз ба?» деп тура сұраған жоқпыз. Мұндай сұрақ үстірт жауап беруге ғана әкелер еді. Оның орнына ұжымшылдықтың негізгі эмоционалдық маркерлерінің бірін қолдандық: «Сіз үшін ата-анаңыздың сізбен мақтануы қаншалықты маңызды?» деген сауалды қойдық. Неге ата-ананың мақтанышы туралы сұрақ маңызды әрі дәл көрсеткіш болып саналады? Себебі ұжымшыл мәдениеттерде отбасы тарапынан мойындалу қоғам тарапынан мойындалудан да маңызды. Ата-ананың мақтанышына бөленуді қалау – тек құрмет қана емес, үлкендер алдындағы борыш сезімі, «өз тегімді ұятқа қалдырмаймын» деген ұмтылыс. Ал әлеуметтану тұрғысынан бұл – эмоционалдық байланыс арқылы жүзеге асатын мәдени әлеуметтік бақылау механизмі.

Сонымен, ҚСЗИ[i] зерттеуінің деректері қазақстандықтардың 92%-ы үшін өмірдегі ең басты мақсаттардың бірі – ата-анасының мақтанышы екенін көрсетті. «Өмірімдегі ең басты мақсаттардың бірі – ата-анамның менімен мақтануы» деген пікірмен толығымен келісемін дегендер – 46,7%, келісемін дегендер – 45,5%, келіспеймін дегендер – 5,0%, мүлде келіспеймін дегендер – 1,2%. Бұл нәтижелер терең тамыр жайған ұжымшылдық бағдарды айқын көрсетеді: табыс тек жеке жетістік ретінде ғана емес, сонымен қатар отбасының үміті мен еңбегін ақтау формасы ретінде де қабылданады. Ата-ананың пікірі моральдық әрі әлеуметтік бедел болып саналатын мәдениетте көпшілік мойындауы интимдік,тіпті қасиетті сипатқа ие болады. Әлемдік индивидуализация үрдістері Қазақстанда бар болғанымен, олар әлі отбасыға негізделген өзара байланыс пен адалдыққа сүйенетін терең мотивациялық құрылымға әсер ете қойған жоқ. Біз ата-ананың мақтанышы дегенде қандай ұғымдарды меңзейміз? Ең алдымен, бұл – моральдық капитал. Ата-ананың мақтанышына айналуға ұмтылу – «мен» мен «біз» ұғымдарының ажырамас байланысын білдіреді. Бұл аға ұрпаққа деген тұрақты құрмет пен ұрпақаралық легитимдіктің маңыздылығын көрсетеді. Сонымен бірге бұл – әлеуметтік матрицаға сіңген мотивация, өйткені ата-ананың мақұлдауына ұмтылу жеке мақсаттардың отбасы үміттерімен тығыз байланыста екенін айғақтайды. Респонденттердің тек 6,2% қана бұл пікірмен келіспейді, бұл осы салада индивидуалистік ұстанымдардың әлсіз таралғанын көрсетеді. Олар әлі отбасыға негізделген өзара байланыс пен адалдыққа сүйенетін терең мотивациялық құрылымға әсер ете қойған жоқ.

Соған қарамастан, нарықтық экономикадағы өмір, жаһандану және жеке табыстың өсуі жағдайында ұжымшылдық неге маңыздылығын сақтайды және оның тұрақтылығы қандай? Біріншіден, мәдени код экономикалық реформалардан тереңірек екені анық. Иә, нарықтық экономиканың 30 жылы тарихи қысқа мерзім болды, бірақ ұжымдық парыз бен өзара тәуелділік логикасы көшпелілер мәдениеті мен рулық құрылымнан, ата-ананы құрметтейтін діни этикадан, ең соңында отбасы мен жақын ортада сенуге болатын кеңестік тәжірибеде жатыр. Осылайша, біз нарық мінез-құлықты өзгерте алатынын көреміз, бірақ ол мәндік матрицаны міндетті түрде өзгертпейді.

Екіншіден, отбасы әлі де басты әлеуметтік институт. Әсіресе әлеуметтік қорғау жүйесі толыққанды болмаған жағдайда, отбасы сақтандырушы рөлін атқарады (қаржылай, тұрғын үймен, байланыстармен көмек көрсету) және өзара қолдау жүйесі болып қызмет етеді (жеті өткізу, той жасау, оқу, қоныс аудару сияқты мәселелер отбасылық шеңберде шешіледі). Сондықтан біз көбіне ең табысты деген индивидуалистердің өзі ұжымдық жауапкершілік логикасында өмір сүретінін байқаймыз. Ақырында, табыс, мансап, өмір салты сырт көзге дарашылдық (индивидуалистік) сияқты көрінгенімен, ішкі уәж жиі «ата-анам мақтансын», «кішілер үлгі алсын», «туыстар мені жаман қыз демесін» сияқты ұжымдық (коллективистік) сипатта болып қалады. Нақты мысал келтірейін. Ағайындылардың бірі – табысты, Астанадағы ұлттық компаниялардың бірінде бөлім басқаратын инженер, ол кішісі. Екіншісі – Алматыда, құмар ойынға салынған, балалары дұрыс тамақтанбайды. Алайда ата-аналық құндылықтар жүйесі «қолынан келгенге» көбірек қысым жасайды, одан үнемі әрі толассыз «Ол сенің бауырың ғой» деп көмек күтеді. Егер ол бауыры шетелге демалысқа барса, оған демалу құқығы емес, керісінше кінә артады. Бұл мысал отбасы жүйесінің жеке табысқа қарамастан моральдық төреші болып қала беретінін көрсетеді. Біз мұнда ұжымшылдықтан түбегейлі бас тартуды емес, оның «қайта жүктелуін» байқайтын сияқтымыз. Яғни ол бұрынғыдай қатал рулық иерархия түрінде емес, отбасы тарапынан үміт артудан, «өзім үшін өмір сүрсем» деген кінә сезімінен, тіпті елден кетсе де туған-туыстары үшін жауапкершілікті сезінуден көрініс табады.

Мен Біріккен Араб Әмірліктерінде өмір сүрмей тұрғанда, осының бәрі тек өз мәдениетімізге тән ерекшелік деп ойлайтынмын: борыш сезімімен өмір сүру, табысқа жетіп жүріп, іштей отбасы пікіріне мойын бұрып отыру. Алайда Әмірліктерде жұмыс істеп жүргенімде, Нью-Дели, Каир, Сеул, Амман, Шанхай және тіпті Мехикодағы жастар да осыған ұқсас сезімдерді бастан кешіретінін көрдім. Мәселен, Оңтүстік Кореяда ультразаманауи экономика мен индивидуалист жастарға қарамастан, қоғамда отбасы мен ата-ана мақтанышының культі сақталған, ата-ананың алдындағы «рақметін қайтару» (қаржылай да, рухани да) моральдық міндет болып қала береді, ал үлкендер қиналып жүргенде өзің жетістікке жетіп жүрсең, кінә сезімі мазалайды. Қытайда ата-анаға құрмет көрсету мен қамқор болу ең жоғары моральдық ізгілік саналады, егер адам табысты болса да, ата-анасы бақытсыз болса, бұл – ұят нәрсе. Тіпті мегаполистердегі озық ойлы жастар арасында да «өзім үшін өмір сүрсем» деген сын мен айыптаудан қорқу сезімі бар, әсіресе неке немесе мансап мәселесінде. Үнді мәдениеті де жеке мансапқа (әсіресе IT мен стартаптар саласында) ұмтылысты терең отбасылық және туыстық адалдықпен ұштастырады. Жас үндістер қаржылай тәуелсіз бола тұра, ата-анасымен бірге тұруды жалғастырады. Үйлену, көшу, тіпті жұмыс ауыстыру сияқты шешімдер моралдық әрі практикалық тұрғыда отбасымен келісіліп жасалады. Әсіресе, ата-ананың еңбегін «қайтара алмаған» жағдайда кінә сезімі қатты байқалады. Мексикада және Латын Америкасының басқа елдерінде де осыған ұқсас құбылыстар кездеседі. Урбандалу мен жаһандануға қарамастан, бауырлар мен ата-анаға көмектесу – жомарттық емес, қалыпты міндет саналады. «Тек өзім үшін өмір сүру» – тіпті либералды ортада да эгоизм деп есептеліп, сынға алынады.

Біз Қазақстанның «мен» мен «біз» арасындағы осы қосарланған күйінде бірегей емес екенін көріп отырмыз. Бұл қоғамдарда да, біздегідей, модернизация, урбандалу және жаһандық нарық бір нәрсені жоққа шығарған жоқ: «тек өзің үшін өмір сүру» әлі де күйзеліс пен ішкі қақтығыс тудырады. Отбасы – моралдық әрі эмоциялық бағдар болып қала береді. Ата-ананың мақтанышы, жақындарға деген борыш сезімі, айналаның сынынан қорқу – бұл тек мәдениеттің сарқыншағы емес. Бұл – заманауи болмыстың бір бөлігі. Біз қазіргі заман әрдайым ұжымшылдықтан бас тарту емес екенін көрдік. Ол оны жаңа қырынан ұғынуды білдіруі мүмкін: бұрынғыдай сыртқы міндет емес, ішкі адалдық ретінде. Біз сол адалдықпен өмір сүріп келеміз – жалғыз жүргенде де, үйден мыңдаған шақырым алыста жүргенде де.

Осылайша, егер батыс мәдениетінде ұжымшылдық еркіндікке кедергі ретінде қарастырылса, шығыс мәдениетінде ұжымшылдық моральдық кемелдіктің нормасы болып саналады. Егер батыс мәдениетіне әлсіз иерархия тән болса, шығыста иерархия тәртіп пен құрметтің негізі ретінде көрінеді. Алайда ұжымшылдық пен жекешілдік бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар емес, олар – дүниеде өмір сүрудің, өз рөлін түсінудің және жауапкершілік сезінудің әртүрлі тәсілдері. Қазақстан өтпелі типтегі қоғам ретінде осы екі логиканың элементтерін қатар ұштастырады: отбасына деген терең берілгендік пен жеке мақсаттарға, мансапқа, мобильдікке деген өсіп келе жатқан ұмтылысты. Бұл біздің елімізді мәдени гибридтілікті зерттеу мен ұжымдық және жеке мінез-құлықтың өзіндік, жергілікті үлгілерін жасау үшін тамаша алаңға айналдырады.


[i] Әлеуметтік сауалнама 2024 жылғы 11 мамыр мен 22 маусым аралығында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ тапсырысы бойынша өткізілді. Іріктеме көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан, еліміздің 17 өңірі мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан қатысушылар тартылды.