2023 жылдың 10-12 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов қос мемлекет ынтымақтастығының перспективалық дамуын зерделеу мақсатында Сеул қаласына жұмыс сапарымен барды.
Корея Республикасы Үкіметінің шақыруымен ұйымдастырылған сапар барысында ҚСЗИ басшысы Оңтүстік Кореяның жетекші талдау орталықтары мен іскерлік орта өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Олардың қатарында Шығыс Азия қорының (the East Asia Foundation) тоқсан сайынғы басылымы – Global Asia журналы, Корея өнеркәсібі федерациясы (Federation of Korean Industries), Кореяның Халықаралық экономикалық саясат институты (KIEP), Кореяның сауда және инвестицияларды дамыту агенттігі (KOTRA). Сонымен қатар іс-шаралар бағдарламасының арасында KOREA BIZ-TRADE SHOW 2023 бизнес-көрмесі бар.
Корея Республикасы Президентінің сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы арнайы кеңесшісі, Global Asia бас редакторы Мун Чон Инмен кездесу барысында тараптар Орталық Азия зерттеулері мәселелері бойынша сараптамалық және баспа өзара әрекеттестік жайлы келісті.
Мун Чон Ин мырза 2023 жылғы 13-14 шілдеде Астана қаласында ҚСЗИ мен ҚР Сыртқы істер министрлігі бірлесіп ұйымдастыратын «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумына қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, аса қызығушылық танытатыны туралы айтты.
Кореяның басқа ірі талдау орталықтарының басшыларымен кездесу барысында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов республикамызда өткізіліп жатқан модернизация жайлы айтты. «Қазіргі таңда Қазақстан дамудың шешуші кезеңінде тұр. Сондықтан ел экономикасына инвестициялар тарту аса маңызды болып отыр. Бұл ретте Қазақстан Еуразияның ең серпінді дамып келе жатқан және тұрақты елдерінің бірі. Ауыл шаруашылығында үлкен инвестициялық әлеует байқалады. Өйткені біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өз рөлімізді нығайтқымыз келеді. Сонымен қатар біздің елімізде табиғи ресурстардың үлкен қоры бар. Бірақ біз экономиканы әртараптандырып, оның шикізаттық бағытынан алшақтатқымыз келеді. Сондықтан қазақстандық шикізатты пайдалана отырып, өнеркәсіптік жобаларға шетелдік капиталдың ағынын қамтамасыз ету мақсатын қойып отырмыз», – деді Е.Тұқымов.
Сондай-ақ институт басшысы Оңтүстік Корея Қазақстанның ең маңызды серіктестерінің бестігіне кіретінін айтты. «2022 жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2021 жылға қарағанда екі есе артып, 6,1 миллиард АҚШ долларын құрады. Экономикалық қарым-қатынастарды дамытып, басқа сфералардағы ынтымақтастықты ілгерілету керек», – деп атап өтті ҚСЗИ директоры.
Корея өнеркәсібі федерациясының өкілі Ким Бонг Ман мырза Қазақстанның адами капиталына жоғары баға берді. «Сіздің орасан зор еліңіздің даму әлеуеті үлкен. Қазақстан Орталық Азияның жүрегінде орналасқан. Дәстүрлі жеткізу тізбегін өзгерту қажеттілігі тұрғысынан корей компаниялары Қазақстанға өңірдің өндірістік хабы ретінде инвестиция салуға дайын екеніне сенімдімін», – деді Ким Бонг Ман мырза.
Еркін Тұқымов KIEP вице-президенті Cун Чон Джун мырзамен келіссөз барысында ҚСЗИ қызметі туралы сұрақтарға жауап бере отырып, әлемнің ең әртараптандырылған экономикасының иесі ретінде Оңтүстік Кореяның экономикалық жаңғырту тәжірибесі Қазақстан үшін зерттеу және практикалық тұрғыда үлкен қызығушылық тудыратынын мәлімдеді.
Өз кезегінде KOTRA Агенттігінің Еуропа, Америка және ТМД-мен өзара әрекеттестік департаментінің директоры Ким Джун Хан мырза: «Біз Қазақстанның аймақтың негізгі мемлекеттерінің біріне айналып жатқанын көріп отырмыз. Оңтүстік Кореядағы компаниялар Қазақстан нарығының әлеуетін жоғары бағалайды. Статистика экспорттың екі есе өскенін көрсетеді. Адами капиталды дамыту саласындағы ынтымақтастық кеңейіп жатыр. Мысалы, Қазақстаннан көптеген студенттер Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарында оқиды», – деді Ким Джун Хан мырза.
ҚСЗИ басшысы өзінің Оңтүстік Кореядағы әріптестерімен электр автомобильдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, логистикалық маршруттарды, әсіресе Орта дәліз сияқты қос елдің кооперациясының перспективалық салаларын талқылады. Тараптар бірлескен Қазақстан-Корея инвестициялық жобаларын әзірлеуге және іске асыруға зор қызығушылық танытты. Сондай-ақ жақын арада сараптамалық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға үміт білдірді.