Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов пен Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Шубдаршини Трипати ханымның кездесуі өтті.
ҚСЗИ басшысы жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңызына тоқталды. «Қазіргі халықаралық жағдайда Қазақстан саяси және экономикалық жаңғыртудың маңызды кезеңінен өтіп жатыр. Мұндай кезеңде Үндістан сияқты ниеттес елдердің болуы аса маңызды. Біз үшін екіжақты серіктестікті дамытудың мүмкіндіктері зор екені айқын», – деді Е.Тұқымов.
Қос тарап серіктестік жайлы пікір алмаса отырып, сарапшылық ынтымақтастықты дамыту жолдарын, Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды және экономикалық өзара іс-қимылды нығайту қажеттілігін талқылады.
Өз кезегінде Елші ханым Қазақстан Үндістан үшін үлкен маңызға ие екенін айтты. «Қазақстан Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда серіктесіміз. Соңғы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиардтан 2,4 миллиард АҚШ долларына дейін өсті», – деп хабарлады.
Қорытындылай келе, тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас алдағы уақытта да өзара құрмет пен ізгі ниет қағидаттарына негізделетініне сенім білдірді.