2022 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің қатысуымен жыл қорытындысы бойынша Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді. Іс-шара офлайн және онлайн форматта өтті.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов институттың 2022 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берді. Өз сөзінде ҚСЗИ қызметі ел басшылығына ішкі саясат, әлеуметтік-экономикалық процестер, ҚР сыртқы саяси стратегиясы саласында қажетті болжамды-талдамалық және ғылыми-ақпараттық материалдарды дайындауға және ұсынуға бағытталғанын атап өтті. 2022 жылғы 20 сәуірде ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты туралы жаңа Ереже бекітілді. Осы құжатқа сәйкес ҚСЗИ құрылымына, оның ішінде институттың аналитикалық жұмысының форматына және қызмет бағыттарына өзгерістер енгізілді.
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде институттың елдің бас ми орталығы ретіндегі жұмысының маңыздылығы мен жауапкершілігін атап өтті. 2023 жылға арналған негізгі міндеттерді белгілеп, ҚСЗИ жұмысын заман талабына сай жетілдіру және бейімдеу жөнінде нақты екпін қойды.
Ғылыми кеңес барысында жыл бойы атқарылған жұмыс бойынша директордың орынбасарлары – С.Қ. Көшкімбаевтың, А.С. Жолдыбалинаның, Б.М. Әбенованың және А.С. Әбеннің баяндамалары тыңдалды.
Ғылыми кеңесті қорытындылай келе, ҚСЗИ директоры атқарылған жұмыс үшін бүкіл ұжымға алғыс білдіріп, 2023 жылы қойылған міндеттер мен жоспарларды іске асыруда табыс тіледі.