2022 жылдың 22 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Фридрих Эберттің Қазақстандағы қорымен бірлесіп «Қазақстан экономикасын жаңғырту: Еуропалық Одақпен әріптестік және басымдықтар» атты халықаралық конференция өткізді. Әлемде болып жатқан ахуал аясында және электоралдан кейінгі кезеңде Қазақстанға мемлекеттік саясаттың әлеуметтік-экономикалық блогына назар аудару маңызды. Жаңа экономикалық саясатты әзірлеу және экономикалық басқаруда түбегейлі жаңа тәсілдерді қалыптастыру қажеттілігі бұрынғыдан да артып келеді.
Конференция жұмысына Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі, еуропалық мемлекеттердің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, бейінді мемлекеттік органдардың басшылары, академиялық және сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Конференцияны ашу барысындағы алғы сөзінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов экономикалық басқаруда біздің саясатымыз «реформаны тек реформа үшін жүргізу» қағидатынан алшақтауы тиіс екенін айтты. «Мемлекет басшысы ұсынған формула – «мемлекетке арналған адам емес, адамға арналған мемлекет». Экономикалық даму саласындағы халықаралық мамандардың кең тобын тарта отырып, экономикалық сипаттағы мәселелерді шешу жолдарын, идеялары мен әдістерін талқылау және соған қатысты сараптамалық диалогты жандандыру – бұл Қазақстанның және бүкіл өңірдің жетекші «ақыл орталығы» ретінде танылған ҚСЗИ-дың Қазақстан экономикасын жаңғырту ісіне қосқан үлесі», – деді институт басшысы.
Фридрих Эберт қорының Қазақстан мен Өзбекстандағы аймақтық директоры Кристоф Мор экономиканы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, қазіргі жағдайдың көпвекторлы саясат тұрғысынан қиындықтарына қарамастан ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын айтты. Спикер Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту қажеттігіне сенім білдірді.
Бірінші панельдік сессияда спикерлер Қазақстанның экономикалық өсуін ынталандыру мәселелерін талқылады. Сарапшылар елде жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымдылығы мен күрделілігін атап өтіп, жаһандық күйзелістердің аясында Қазақстандағы экономикалық қайта құрулардың жаңа парадигмасы туралы өзіндік көзқарасын ұсынды.
Bruegel штаттан тыс қызметкері, Мәскеудегі ЭЖМ профессоры, CASE – Варшавадағы Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының тең құрылтайшысы және зерттеушісі Марек Дамбровски мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында Қазақстандағы індеттің экономикалық салдары көптеген ТМД елдерімен салыстырғанда төмен болғанын атап өтті.
Берлин еркін университетінің Ресей және Шығыс Еуропа саясатының профессоры Александр Либман жаһандық экономикалық турбуленттілік кезеңінде экономикалық реформаларды жүзеге асыру өте күрделі міндет екеніне тоқталды. Соған қарамастан, қазақстандық саяси реформалар тәжірибесі мен Жаңа Қазақстанды құру міндеттері еліміздің күрделі сипаттағы реформалардың экономикалық блогын жүзеге асыруға да дайын екендігін көрсетеді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Қуат Ақыжановтың пікірінше, саяси реформаларды сыртқы және ішкі сын-қатерлерді барынша азайтатын тиімді экономикалық шараларға айналдыру өте маңызды. Олар экономика құрылымын әртараптандыруға және табыс теңсіздігін төмендетуге бағытталуы керек.
М.С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ-дың халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаева адам капиталын дамыту өнімділік пен экономикалық өсудің маңызды көзі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар зерттеу нәтижелеріне сәйкес, елдегі жалақы мөлшері формальді білімге өте тәуелді деп санайды.
КИМЭП Университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің экономика кафедрасының меңгерушісі Эльдар Мадумаров Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі бағыттары инфрақұрылымды жаңғырту және ішкі инвестицияны қаржыландыру деп тұжырымдайды.
Екінші панельдік сессия декарбонизациялау және көмірсутектерді бейтараптыққа қол жеткізу мәселелеріне арналды.
USAID PCA энергетика және таза энергия нарығының аға маманы Дәулет Ахметов ұлттық экономиканы дамытудың маңызды көзі ретінде Қазақстанның бәсекеге қабілетті электр энергиясы нарығын дамытуды қолдаудың негізгі нәтижелерімен бөлісті. Оның пікірінше, Қазақстанның жасыл энергетиканы дамыту бойынша әлеуеті зор. Сонымен қатар экономиканың карбонизациясын төмендетуде корпоративтік сектор маңызды рөл атқарады.
«Орталық Азия мен Еуропадағы тұрақты даму бойынша серіктестік» зерттеу хабының (SPCE хаб) басшысы, саясаттанушы Себастьян Шик өз сөзінде экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту үшін оқу альянсын пайдалануды ұсынды. Тәжірибелік білімі мол мамандар мен академиялық зерттеулермен айналысатын ғалымдардың тығыз ынтымақтастығы бізге ең тиімді шешімдерді әзірлеуге және жасыл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте жасыл экономиканы дамыту саясатын әзірлеуге жүйелі көзқарас маңызды.
Қазақстан – Неміс университетінің Табиғи ресурстар және тұрақты даму орталығының жаңартылатын энергия көздері және климаттың өзгеруі жөніндегі жоба менеджері Алексей Кобзев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және жаңа энергияға көшу мүмкіндіктері туралы өз ойымен бөлісті. Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін ұлғайту, көмірден алынатын энергия үлесін азайту, көмір энергиясы мен тиімсіз субсидияларды кезең-кезеңімен тоқтату бойынша ауқымды міндеттемелер алды. Спикердің айтуынша, декарбонизация елге, атап айтқанда, технологиялық прогресс пен бәсекелестікке оң әсер етеді.
Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат мектебінің қауымдастырылған профессоры Питер Хауи халықаралық тәжірибені ескере отырып, елдің декарбонизация стратегиясы инклюзивті және әділ болуы, халықтың әртүрлі топтарының, әсіресе, осы саладағы аталынған саясат әсер ететін жұмысшылардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ спикер энергетикалық тиімділік тұрғысынан инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігіне және жасыл экономика үшін кадрларды қайта даярлау қажеттілігіне назар аударды.
«Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев көміртегі шаруашылығы ауыл шаруашылығының қалпына келетін және тиімді маңызды элементі болатынын атап өтті. Ел аумағының жартысынан астамы көміртекті сақтаудың перспективалы аймақтарына жатады. Сарапшы Қазақстан алдына стратегиялық мақсат қойып, көміртегі шаруашылығы бойынша өңірлік көшбасшы бола алатынын атап өтті.
Үшінші сессияда баяндамашылар Қазақстандағы әртараптандыру мен индустрияландырудың проблемалары мен перспективаларын талқылады.
Назарбаев Университетінің бизнес мектебінің ассистент-профессоры Дэвид Де Ромер салалардың субсидияланатын бизнес құрылымдарымен қарым-қатынас орнатудағы дамыған елдердің тәжірибесін зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, мемлекет «көзге көрінетін саясатқа» назар аударып, протекционистік және реттеуші шараларды талдауы керек. Реформашылар салаларды «субсидиялаудың» астарында жатқан саясатты түсінуі қажет және бұл мәселеде ешқандай фаворитизм болмауы керек.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов индустрияландыруды дамытуда технология үлкен рөл атқаратынын айтты. Спикердің пікірінше, Қазақстан үшін жоғары технологиялық салалардың деңгейі маңызды. Сонымен қатар экспортты дамыту қазақстандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді. Бұл ретте сарапшы Қазақстанда әртараптандыру саясатына қарамастан, кірістің бюджеттік бөлігін қалыптастырудың маңыздылығына байланысты еліміздің дәстүрлі салаларды дамытудан бас тартпайтынына баса назар аударды.
«New Lines» стратегия және саясат институтының аналитикалық даму бойынша директоры Камран Бохаридың айтуынша, Қазақстанға сыртқы ортаны, оның ішінде басқа елдердегі саяси ландшафтты зерттеу қажет. Бір қарағанда ретсіз болып көрінетін саяси өзгерістер экономикалық жаңғыртуға әсер етуі мүмкін.
КИМЭП Университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің экономика кафедрасының аға оқытушысы Алма Күдебаева мемлекет кедейшілік тәуекелдерін, әсіресе, балалар кедейшілігін азайтуға ерекше көңіл бөлуі керектігін атап өтті. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек тетіктерін де қайта қарастыру қажет.