Елордада 8-9 маусым аралығында «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» тақырыбында Астана Халықаралық форумы өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін бұл іс-шара геосаяси шиеленістің артуы және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі үлгілерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу мақсатымен әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге арналған.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Астана Халықаралық форумының (АХФ) «Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы» алаңында панельдік пікірталасты ұйымдастыруға серіктес ретінде атсалысады.
Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы жалпы экономикалық даму, өңірлік тұрақтылық, энергетикалық және сауда интеграциясы, сондай-ақ мәдени алмасу сияқты бірнеше бағыттан тұрады. Оның ішінде өңірлік субъективтілікті нығайтатын бірлескен инфрақұрылымдық объектілерді инвестициялауға басымдық беріледі.
Сонымен қатар өңір бойынша қазіргі кезде су қауіпсіздігі, сауда, шекара мәселелері сияқты салаларда шешілмеген бірқатар аспектілер бар. Өсіп келе жатқан геосаяси белгісіздікпен қатар, демографиялық өзгерістер, климаттың өзгеруі, жеткізу тізбегінің бұзылуы Орталық Азия мемлекеттерін аймақтағы ынтымақтастықты кеңейтуге итермелейді.
Сондықтан Орталық Азия елдерінің көшбасшылары алдында үлкен міндет тұр – бұл реформа, кооперация және қауіпсіздік арасындағы жаңа стратегиялық теңгерімді табу. Бес мемлекет С5+1 форматынан бастап, ШЫҰ, ЕАЭО және ҰҚШҰ, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы сияқты өңірлік алаңдарда сыртқы байланыстарды теңестіруді көздейді. Осы үрдістердің барлығын ескере отырып, Орталық Азия елдері саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа кезеңіне қадам басады.
«Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы» панельдік сессиясында сарапшылар өңірдің болашақ перспективаларын талқылайды. Спикерлердің қатарында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, БҰҰ Экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин, ЭЫДҰ Еуразиялық бөлімінің басшысы Уильям Томпсон, Тәжікстандағы International Finance Corporation (IFC) өкілі Фарух Султонов, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің Іске асыру бөлімінің координаторы Азиза Умарова бар. Сессия модераторы – «La Figaro» журналисі Рено Жирар.
Жалпы АХФ геосаяси шиеленістің күшеюіне және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі модельдерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге жауап іздеу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Форумға 1000-нан астам шетелдік қонақтар қатысады. Іс-шара бағдарламасы 40-тан астам сессияларды, бейресми кездесулерді және т.б. бағдарламадан тыс шараларды қамтиды.
Нәтижесінде экономикалық даму, өңірлік тұрақтылық, су қауіпсіздігі, сауда кедергілерін және т.б. қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілері бойынша нақты ұсыныстар беріледі. Олар саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени аспектілерге қатысты болуы мүмкін. Айтылған ұсыныстарды стратегия мен іс-қимыл бағдарламаларын әзірлеу үшін қолдануға болады.