Астанада 13 шілде күні басталатын Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының Қытай делегациясымен кездесуі өтті.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов ШЫҰ Халықаралық құқықтық дайындық және ынтымақтастық орталығы жанындағы Еуразиялық зерттеулер институтының директоры Ли Синьмен кездесті. Кездесуге қытайлық орталықтың сарапшылары Дай Хуэй мен Чжэн Е және ҚСЗИ қызметкерлері қатысты.
Қазақстан-Қытай экономикалық жобалары талқылауға негіз болды. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы маңызды кезең ретінде жалпы сомасы 22 млрд долларға тең 47 құжатқа қол қойылған Сиань қаласындағы саммит атап өтілді. Сарапшылардың пікірінше, бұл маңызды оқиға қос ел арасындағы серіктестіктің одан әрі дамуы мен байланыстардың нығаюына әсер етеді.
«Қазақстан-Қытай серіктестігі энергетикадан бастап толық циклді өндірістерді құруға дейінгі даму салаларының кең ауқымын қамтиды. «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, сондай-ақ Ляньюнган–Дуйсбург бағыты бойынша теміржол маршруттары және т.б. сияқты жобалар екіжақты әріптестікті ғана емес, Еуразия құрлығындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін негіз», – деді ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық шектеулерді жою тақырыбын да қозғады. Қазақстандық тараптың айтуынша, бұл туризм мен бизнес-белсенділікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қытай тарапы өз кезегінде көлік жобаларын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына сәйкес күшейту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай екіжақты деңгейде ғана емес, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде де белсенді ынтымақтасады. Тараптар бұл ынтымақтастық өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және бүкіл әлемде экономикалық әлеуетті арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың қазіргі кезеңінде ғалымдар мен сарапшылар ерекше рөл атқаратындығына байланысты ой айтылды. Пікірталас қатысушылары олардың тығыз өзара іс-қимылы мемлекеттік органдарға, бизнеске және азаматтарға стратегиялық әріптестікті іске асыру үшін жаңа идеялар мен мүмкіндіктер табуға көмектесетінін атап өтті.
Қазақстан мен Қытай әртүрлі салаларда көп қырлы қарым-қатынастарды дамытуды жалғастыруда, бұл екі ел арасындағы мәңгілік достық пен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту үшін қолайлы негіз.