Skip to content
Басты бет » Экономикалық саясатты жаңғырту – ел дамуындағы басымдық

Экономикалық саясатты жаңғырту – ел дамуындағы басымдық

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің экономикалық дамуына жаңа көзқарас танытты. Егер өткен саяси маусым елдің бүкіл саяси жүйесінің жаңаруымен сипатталса, жаңа маусымдағы жұмыс экономиканы қайта жаңғыртуға және дамытуға, экономикалық өз-өзіне жеткіліктілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Президент өз Жолдауында өндіріс саласынан бастап мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға дейінгі өзімізді толық қамтамасыз ете алатын экономиканы құру мәселелерінің кең ауқымын қамтыды. Осылайша Көлік министрлігі қайтадан құрылып, қазіргі уақытта ел алдында тұрған сын-қатерлерге жауап ретінде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады.

Экономиканың негізі – күшті өнеркәсіптік өндіріс. Осы жылдар ішінде экономиканы әртараптандыру және оның құрылымын өзгерту үшін түрлі әрекеттер жасалды. Дегенмен әртүрлі себептерге байланысты сапалы серпіліс жасау мүмкін болмады, олардың бірі – экономикалық институттардың тиімділігінің төмендігі.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күшті және тиімді жұмыс істейтін институттар экономикалық өсуді ынталандыруда және инвестицияларды тартуда шешуші рөл атқарады. Олар жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етіп қана қоймай, қоғамдағы теңсіздікті азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар мұндай институттар ұлттық және халықаралық деңгейде елдің өмір сүру деңгейін арттыруға, іскерлік жағдайларды жақсартуға және бәсекеге қабілеттілігін дамытуға ықпал етеді.

Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткен ұлттық кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаны реттеуді жетілдіру, инфрақұрылымды кеңейту және жаңарту, түсінікті және ашық бюджет және салық саясаты, энергетика секторындағы тарифтік саясатты қайта қарау, сауда саясатын жетілдіру, монополиясыздандыру және т.б. сияқты шаралар нарықтық қатынастарына негіз болып, экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді.

Өндірістік салада қайта өңдеу саласын дамытудан басқа, энергетика саласын, агроөнеркәсіптік секторды, газ саласын және инфрақұрылымды экономиканың базалық салалары ретінде басқарудағы тәсілдер қайта қаралатын болады. Айта кететін жайт, Президент Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қоғамда кеңінен талқыланатын мәселеге нүкте қойып, бұл мәселе жалпыхалықтық референдумға шығарылатынын атап өтті.

Президент цифрландыру, елдің технологиялық және инновациялық даму мәселелеріне ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда IT саласындағы сапалы өзгеріс және жаппай цифрландыру жаһандық индустриялық даму динамикасына әсер етуде. 4.0 индустриясы интеллектуалды автоматтандыруды қамтамасыз ету және еңбек өнімділігін әлеуетті арттыру есебінен өндірістің жаңа факторына айналатын жасанды интеллектті қолдану саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

ЮНКТАД 4.0 индустриясының озық технологияларын әділ пайдалану, енгізу және қолдану бойынша елдердің мүмкіндіктерін бағалау үшін «дайындық индексі» әзірленгенін атап өту қажет. Индекс бес құрамдас элементтен тұрады: АБТ енгізу, кадрлар, ҒЗТКЖ, өнеркәсіпте пайдалану және қаржыға қол жеткізу. Бұл индекс 158 ел үшін есептелген және оларды 4 дайындық деңгейіне бөледі: төмен, орташадан төмен, орташадан жоғары және жоғары. Рейтингте Қазақстан 158 елдің ішінде 62-ші орында, ал елдің озық технологияларды енгізуге дайындығы орташадан жоғары деңгейде.

Қазақстанның қазіргі экономикалық моделінің тағы бір маңызды аспектісі – төмен көміртекті дамуға бағдарлану. Қазіргі уақытта шикізат тауарларының, атап айтқанда мұнайдың жоғары бағасы айтарлықтай қаржылық қорлардың қалыптасуына ықпал етеді.  Бірақ нарықтағы жағдай кез келген уақытта кері бағытта өзгеруі мүмкін. Сондықтан жасыл қаржыландыру сияқты құралдарды дамыту қаржылық қатынастар жүйесіне берік енеді.

Әбен Әсел,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың

Экономикалық саясатты талдау

бөлімінің бас сарапшысы