Skip to content
Басты бет » Энергетикалық қауіпсіздік: Қазақстан үшін жаһандық трендтер мен сын-қатерлер

Энергетикалық қауіпсіздік: Қазақстан үшін жаһандық трендтер мен сын-қатерлер

Ағымдағы жаһандық энергетикалық ауысу бірнеше ондаған жылдарға созылатын энергия ресурстарын пайдалануда, технологияларды енгізуде және инновациялық саясатта түбегейлі өзгерістерді қажет ететін өте күрделі процесс. Сонымен бірге жалпы энергетикалық ауысуға тән белгісіздік факторлары қазіргі уақытта геосаяси турбуленттілік фонындағы қосымша асқынулармен күрделене түседі. Бұл әлемдік энергия ағындарының бұзылуына және кейіннен қайта бағдарлануына әкелді.

Технологиялардың дамуына, елдер арасындағы нарықтық өзара іс-қимылға, энергия өндірудің жаңа тәсілдеріне көшуге байланысты қазіргі кезеңде энергетикалық қауіпсіздік аспектілері кеңейіп жатыр. Ресурстың болуы, дереккөздердің қолжетімділігі, жеткізу нүктелерін бақылау және бұдан басқа инфрақұрылым мен ғылыми әлеуеттің жай-күйі, өндіру/тасымалдау технологияларының болуы, кадрлық әлеует және т. б. сияқты компоненттерді атап өту маңызды.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA) бағалауы бойынша декарбонизацияның жалпы әлемдік трендіне қарамастан, сұйық көмірсутектерге жаһандық сұраныс 2030 жылдардың басында ең жоғары деңгейге жетеді, ал 2040 жылдардың аяғында 2022 жылдың көрсеткіштеріне біртіндеп оралады. Мұнай нарықтағы үлесін жоғалтып, оған деген жиынтық сұраныс төмендегенімен, ол 2050 жылы бастапқы энергия ресурстарына жиынтық сұраныстың ең үлкен құрамдас бөлігі болып қала береді ( 4 334,7 млн т м.б. немесе  ССПЭ-нің 25%). Өз кезегінде табиғи газ төмен көміртекті болашаққа жету жолында «көпір» ретінде маңызды рөл атқарады.

Энергия ресурстары бағасының тұрақсыздығына байланысты алаңдаушылық тудыратын мәселелерге қарамастан, S&P Global сарапшыларының пікірінше, 2050 жылға дейінгі кезеңде жалпы энергетика (және көмірсутек саласы) Қазақстанның экономикалық өсуінің негізгі драйвері болып қала береді: ЖІӨ-нің жылдық өсуі уақыт өте келе баяулайды деп күтіледі, бірақ 2023 жылдан 2050 жылға дейінгі кезеңде орта есеппен 2,6% құрайтын болады. Халықаралық сарапшылардың бұл сандары мен акценттері мұнай мен газ өндіру жоспарларымен салыстырылады. Осылайша стратегиялық жоспарларға сәйкес, мұнай мен газ конденсатын өндіру 2029 жылы қазіргі 80 млн-нан 110 млн тоннаға дейін өседі. Бір мезгілде барлық қолданыстағы бағыттарда тасымалдау көлемі артады.

Энергетикалық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды аспектісі – тұрақтылық – төтенше жағдайлар мен тұрақсыздандырушы факторлардың әсерінен тиімді және салыстырмалы түрде тез қалпына келу мүмкіндігі. Энергия жүйелерінің күтпеген геосаяси оқиғаларға, табиғи апаттарға және экономикалық күйзелістерге қалай жауап беретіні тұрғысынан тұрақтылықтың үш құрамдас бөлігі бар: көмірсутек отынын сақтау, электр желісінің сенімділігі және саяси тұрақтылық.

1. Көмірсутек отынын сақтау жүйелері тұтынушыларға жеткізілім үзілістерінен, сондай-ақ сұраныстың ауытқуынан немесе өндірушілер үшін тасымалдау қиындықтарынан қорғауды қамтамасыз ете отырып, күтпеген жағдайларға икемді жауап беруге мүмкіндік береді.

Негізінен тасымалдау жүйесін пайдалануды қамтамасыз ету үшін құрылған Қазақстанда мұнайды сақтау бойынша қолда бар қуаттар қазіргі уақытта тұрақты жабдықтауда қысқа мерзімді іркіліс болған жағдайда қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті болып көрінеді.

Сонымен қатар Қазақстанда экспорттық сұраныс, экспорттық қуаттар (мұнай құбырлары) немесе сыртқы қауіптер мен сын-қатерлерден туындаған проблемалар кенеттен қысқарған жағдайда пайдалануға арналған шикі мұнайдың стратегиялық қоймасы жоқ.

Жалпы көлемі 4,6 млрд м3 үш жерасты объектісімен ұсынылған елдегі табиғи газды сақтау қуаты үш ай ішінде газға ішкі қажеттілікті жабу үшін жеткілікті болады. Дегенмен жағдайды болашақта ішкі газ тұтынудың болжамды ұлғаюы аясында мұқият бақылау қажет.

2. Электрификацияның кеңеюіне байланысты да, декарбонизацияға жәрдемдесу үшін генерацияның жалпы көлеміндегі тұрақты емес энергия көздерінің (ЖЭК) үлесінің ұлғаюына байланысты да электр энергетикалық желінің сенімділігін арттыру өзекті. Қазақстандағы электрмен жабдықтау сенімділігі мен көмірсутек саласы арасындағы өзара байланыстың көрнекі мысалдарының бірі – биылғы электр энергиясын өшіру прецеденттерінің салдары. Олар мұнай мен газ өндіру қызметін бұзып, МӨЗ тоқталуына алып келді, сондай-ақ құбырлар арқылы шикі мұнайды экспорттық жеткізуде іркілістер туғызды.

ХЭА есептеулеріне сәйкес 2050 жылға қарай жаһандық масштабта көміртегі шығарындыларының нөлдік балансына шыққан жағдайда, энергия ресурстарын жаһандық түпкілікті тұтынудың жартысы электр энергиясына тиесілі болады, қазіргі уақытта бұл үлестің тек 20%-ын құрайды.

Электрификация деңгейінің мұндай артуы ұлттық электрмен жабдықтау жүйелеріне – электр энергиясын өндіруге, беруге және таратуға арналған инфрақұрылымға үлкен жүктеме туғызады. Бұл ауыртпалықты ауа-райының күрт өзгеруі, орман өрттері мен жалпы климаттың өзгеруіне байланысты басқа қауіптер күшейтуі мүмкін.

Қалыптасқан сын-қатерлерді түсіне отырып, Үкімет энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, энергия тиімділігін дамыту, салаға инвестициялар тарту бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.

3. Энергетикалық саясаттың тұрақтылығы.

Ұлттық (энергетикалық) қауіпсіздік тұрғысынан маңызды мәселелердің бірі – энергетикалық ауысудың жалпы құны және оның экономикалық көрсеткіштерге, жалақыға және халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына ықтимал әсері.

Энергетикалық қауіпсіздікті тиімді және ұзақ уақыт ұстап тұру үшін экономикалық өркендеу мен өмір сапасының өсуінің қолайлы циклін қалыптастыра отырып, қоғамдық қолдауға ие саясат жүргізу қажет. Бұл барлық қатысушылар үшін жеткілікті сенімді және қолжетімді энергия көздеріне кең қолжетімділіктің болуын, сондай-ақ жоғарыда аталған міндетті іске асыруға ықпал ету үшін энергетика саласындағы саясат пен инвестицияларды келісуді көздейді.

Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің тиімді стратегиясы – энергия ресурстарына деген ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыратын, оларға қолжетімді бағаларды сақтайтын, олардың тұтынушылар үшін барлық жерде болуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ 2060 жылға қарай таза энергиямен болашаққа қол жеткізуде елеулі прогреске ықпал ететін стратегия.

Бауыржан Өмірзақов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы