Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті, онда Президент Қ. Тоқаев қоғамдық шоғырландыру мен жалпыұлттық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыста айтылған базалық құндылықтардың бірі қазақстандықтар үшін әлеуметтік үйлестіру мен қолдаудың негізгі элементтерінің бірі болуға тиіс ынтымақтастық деп аталды. Ынтымақтастықтың айқын мысалы – еріктілер қозғалысы, оның аясында адамдар әлеуметтік мәселелерді шешу және мұқтаж адамдарға көмек көрсету үшін ерікті түрде бірігеді.
Ұлттық волонтерлік желінің деректері бойынша Қазақстанда волонтерлік қозғалысқа әр түрлі бағытта жұмыс істейтін кемінде шамамен 240 000 адам тартылған. Бұл елдегі еріктілер қозғалысының айтарлықтай әлеуетін көрсетеді.
ҚР МАМ-ның 2023 жылғы деректері елде тіркелген 680-ден астам волонтерлік ұйымдардың бар екендігін көрсетеді. Алайда, волонтерлік қызмет көбінесе тіркелмейді және ресми құрылымдардан тыс жүзеге асырылады. Ұлттық волонтерлік желісінің ақпаратына сәйкес, тіркелмеген бастамашыл топтардың саны 680 санынан шамамен 3-3,5 есе асады.
Президент атап өткендей, эмпатия, жанашырлық және жауаптылық сияқты қасиеттер қазақстандықтарға тән, бұл да волонтерлік қызмет бағыттарында көрініс табады. 2023 жылғы Ұлттық волонтерлік желінің деректері бойынша Қазақстандағы волонтерліктің негізгі бағыттары қарттар мен жалғызбастыларға, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға көмек көрсету (31,4%), әлеуметтік волонтерліктің басқа түрлері (20,8%), сондай-ақ экологиялық волонтерлік (16,4%) болды.
Сонымен қатар төтенше жағдайларға жедел ден қою үрдісі азаматтарға тән болып отыр. Еріктілер өрттен, табиғи апаттардан және техногендік апаттардан зардап шеккен адамдарға жиі көмек көрсетеді. Мұндай жағдайларда тұрақты волонтерлік қызметті жүргізетіндер ғана емес, бұрын ұйымдастырылған волонтерлік іс-шараларға қатыспағандар да қатысатынын атап өткен жөн. Бұл тәжірибе жергілікті деңгейде де, елдің әртүрлі аймақтарындағы өрттер немесе пандемия кезеңі сияқты ірі оқиғаларда да кең таралған.
Дегенмен, ынтымақтастық үлгісі ретінде волонтерлік қызметті қолдау үшін бірқатар институционалдық шаралар қажет. Осылайша, әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды элементі ретінде волонтерлікті қоғамдық тануды арттыру және қолдау мақсатында жыл басында волонтерлікті дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен 2026 жыл халықаралық волонтерлер мен еріктілер жылы болып жарияланды. Бұл волонтерлік қозғалыстың жаһандық әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешуге қосқан үлесін мойындауға қызмет етеді.
Гүлназ Касимова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы