Skip to content
Басты бет » Ресей азаматтарының Қазақстанға келуінің экономикалық жағдайға ықтимал әсері туралы

Ресей азаматтарының Қазақстанға келуінің экономикалық жағдайға ықтимал әсері туралы

Ресей азаматтарының үлкен ағынының әсері қазіргі кезде Қазақстан экономикасы үшін кері әсер тұрғысынан жиі қаралады. Мұндай қауіптердің арасында көбінесе еңбек нарығына (қазақстандықтардың жұмыс орындарын сырттан келгендермен иеленуі), тауарларды тұтынудың өсуі мен осы себептен бағаның өсуі және басқа да бірқатар кері әсер байқалады. Ресей азаматтарының көптеп келуі жағдайынан Қазақстан экономикасы үшін нақты әсерді бағалау үшін, кейбір фактілерді, атап айтқанда, бұл азаматтардың басым көпшілігі жұмыс орындарын иеленуге үміткер емес (көктемде өткен ағымның тәжірибесі көрсеткендей) және турист екенін ескеру қажет; олар үшін жұмыспен қамтудың шектеулі мүмкіндіктері 90 күндік лимитпен де байланысты. Келушілер тарапынан тауарлар мен қызметтерге қосымша сұранысты құрудағы проблемаларға келетін болсақ, ол іс жүзінде тауарлардың сұраныс-ұсыныс балансына да, салыстырмалы түрде келетін азаматтардың саны өте аз болғандықтан бағаларға да әсер ете алмайды.

Осыған байланысты биыл көктемде Ресейден келген азаматтар ағынын еске түсіруге болады. Ол кезде ақпан мен сәуір аралығында, ҰҚК мәліметтері бойынша, Қазақстанға келген Ресей азаматтарының қосымша ағыны 60 мыңға жуық адамды құрады, бұл Қазақстан халқының 0,3%-на сәйкес келеді. Мұндай көрсеткіш сатылатын тауарлардың көлеміне немесе олардың бағасына, еңбек нарығына да, басқа салаларға да қысым көрсете алмайды. Бұл сол еңбек нарығының көрсеткіштерімен де расталады – осы жылдың екінші тоқсанында (кейбір сарапшылар Қазақстанның еңбек нарығында сырттан келген ресейліктер пайда болуы тиіс деп қауіптенген кезде) жұмыссыздық деңгейі бірінші тоқсандағыдай 4,9% болып қалды. Сонымен қатар жұмыспен қамту 8816 мың адамнан 8828 мыңға дейін өсті.

Ресейде туындаған себептер бойынша Қазақстанға келетін шетелдік азаматтар еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Өйткені бірінші кезекте олар қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдардың өнімдері мен қызметтерін тұтынушылар ретінде әрекет етіп, қосымша сұраныс қалыптастырады. Өз ақшаларын қазақстандық бизнеске төлейді. Бұл сырттан келген шетелдіктерге қызмет көрсетуге тікелей қатысатын бірқатар салаларды, сондай-ақ аралас салаларды дамытуға серпін береді. Сол себепті әлемнің көптеген елдері (Қазақстанды қоса алғанда) сырттан келушілер туризмін дамытуға үлкен көңіл бөледі. Қызметтің осындай түрлерінде өндірісті ұлғайту жұмыспен қамтуды, жиналатын салық көлемін және т. б. арттырады.

Қазақстанда биыл Ресейге келетін азаматтар санының өсуі туризм, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, көлік сияқты бірқатар салалардың қарқынды өсуіне алып келді. Мәселен, бірінші жартыжылдықта кіру туризмі бойынша орналастыру орындары өткен жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда резидент еместерге 2,4 есе көп қызмет көрсетті. Қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның әуе көлігінің жолаушылар ағынының өсуі (мұнда шетелдік клиенттердің рөлі анағұрлым маңызды) 31%-ды, теміржол көлігі 38,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер экономиканың барлық салалары бойынша орташадан бірнеше есе асып түседі. Бұл айтарлықтай дәрежеде әртүрлі себептер бойынша Ресей азаматтарының Қазақстанға келуінің 2,5-3 есе өсуіне байланысты.

Осылайша елге кірушілер санының өсуі экономика үшін ауыртпалық болмайды. Керісінше кейбір салаларда қосымша жұмыс орындарын құруды ынталандыра отырып, олардың дамуына қосымша серпін береді. Бұл жағдай Қазақстанда ағымдағы жылдың көктемі мен жазында байқалған және күзде Ресей азаматтарының қосымша ағыны экономикаға басқаша әсер етеді деп болжауға негіз жоқ.

Вячеслав Додонов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері