Мемлекет басшысының биылғы жолдауларында жариялаған бастамалары мен тапсырмалары нақты нормативтік-құқықтық актілер түрінде жүзеге асырылды. Референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер жаңартылған конституциялық заңдарда бекітілді. Еліміздің саяси жүйесі үшін маңызды заңнамалық актілердің бірі – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңы.
Бұдан былай сайлау процесі аралас сайлау жүйесіне негізделетін болады. Мәжіліс пен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және бас қаланың мәслихаттары депутаттарының сайлауына өзгерістер енгізіледі. Енді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорда мәслихаттарының депутаттық корпусы екі жолмен құрылады. Депутаттардың жартысы бір аумақтық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік жүйе бойынша сайланады. Ал депутаттардың екінші бөлігі бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен болады. Өз кезегінде аудан, облыстық маңызы бар қала мәслихаттарының депутаттары бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ғана сайланады.
Келер жылы партияға кірмейтін депутаттар барлық деңгейдегі мәслихаттарға өтетін болады. Бұл жаңа мемлекеттік үлгінің басты айырмашылығы. Азаматтар партияға емес, нақты кандидатқа дауыс береді. Сонымен қатар азаматтар өздерінің сайлану құқығын пайдалануға мүмкіндік алады. Ол үшін ешбір саяси партияның мүшесі болудың қажеті жоқ, әркім өзін депутаттыққа кандидат ретінде ұсына алады.
Ермек Тоқтаров
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты
Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы