Демократиялық дамудың басты шарттарының бірі – құқықтар мен бостандықтар институтының қызметі. Оның жұмыс істеу қабілеті мен заң шығару кеңістігі – демократиялық мемлекеттің өмір сүруінің негізі болып саналады.
2022 жылы Қазақстан демократиялық дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып, саяси жүйенің негізгі бағыттары бойынша заңнаманы жетілдіру шараларын қабылдады. Соның бірі 2022 жылы референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін бекітетін өзгертулер (83-1-бап) болды.
Тиісінше, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңының қабылдануы логикалық қадам болды. Бұл заң Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтары мен өкілеттіктерін конституциялық деңгейде айқындайды. Бұл Омбудсмен институтының салмағын айтарлықтай арттырады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің медиациялық қызметі маңызды мәселе. Ол мемлекеттік органдар, әкімдіктер, басқа да ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауды шешу үшін қоғамдық диалогқа қатыса алады. Бәлкім, бұл азаматтарға қатысты осындай іс жүргізу статистикасына оң әсер етіп, мемлекеттік органдар жұмысындағы бюрократиялық кемшіліктерді жоюға прецеденттер жасап, оны одан әрі қайта қарауға және жетілдіруге әсер ететін шығар.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың алдында тәуелсіз болуы мен есеп бермеуінің конституциялық-құқықтық бекітілуі де маңызды. Бұл оның орбитасына енгізілген істер адам мен азаматтар құқықтарының жоғары басымдылығы қағидаты негізінде мүмкіндігінше объективті түрде қаралатынын көрсетеді. Сонымен қатар адам құқықтарын дамыту және қорғау мақсатында Уәкілге адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу құқығы берілді.
Бір айта кетерлігі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы 2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 қыркүйектегі No 947 Жарлығымен бекітілген. Одан әрі оның қызметі Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық туралы ережемен айқындалды. Өкілеттіктерді нақтылау және күшейту бағытында қайта қарау 2021 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жеке заң қабылданған кезде орын алды (2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 90-VII ҚРЗ).
Осылайша, Омбудсмен туралы конституциялық заңның қабылдануы қазақстандық демократия тарихының жаңа кезеңін бастады. Бұл Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын нығайту жөніндегі алдағы шараларға негіз болатыны сөзсіз.
Татьяна ЛИПИНА, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері