Мемлекет басшысының конституциялық заңдарға қол қоюы саяси жаңғыртудың маңызды кезеңі болды. Президенттің Жолдауларда жариялаған және референдум барысында Қазақстан халқының қолдауына ие болған бастамалары заңнамалық тұрғыдан ресімделді. Негізгі өзгерістер адам құқықтарын қорғау және сайлау жүйесіне қатысты болды.
Тұңғыш рет Конституциялық Сот және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылданды. Қазақстанның құқықтық жүйесі үшін бұл алға қарай қарышты қадам. Азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын Жоғарғы сотта өз бетінше немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің көмегімен қорғай алады. Бұған дейін Қазақстанда Конституциялық сот болды. Ол 1992-1995 жылдар аралығында жұмыс істеп, өзінің жоғары миссиясын жүзеге асырып үлгермеді. Қазір кез келген демократиялық мемлекеттің мұндай институттарына тың серпін беріліп отыр. Маңызды құқық қорғау институттарының конституциялық мәртебесін бекіту «Әділетті Қазақстан» құрудың құқықтық негізіне айналатынына сенімдімін.
Елдің саяси жүйесін реформалаудың дәйекті бағыты азаматтардың мемлекеттік органдарды құру мүмкіндіктерін кеңейтті. Жаңартылған «Сайлау туралы» конституциялық заңда аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар бар. Енді азаматтар облыстардағы 170 аудан мен 38 облыстық маңызы бар қала әкімін өз бетінше сайлайды.
Аралас жүйе бойынша Мәжіліс пен облыстардың мәслихаттары құрылады. Мысалы, облыстардың Алматы, Шымкент және Астана қалалары мәслихаттарының жартысын партиялық депутаттар құраса, екінші жартысын бір мандатты округтер бойынша сайланған партиялық емес депутаттар құрамақ. Бұл өте маңызды өзгеріс, өйткені ол азаматтардың депутаттарды сайлау мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, әрбір қазақстандыққа сайлану мүмкіндігін береді. Бұл нормаларды енгізу жергілікті жердегі жағдайды түбегейлі өзгертеді. Іс жүзінде реформа барлық 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың мәслихаттарын қамтитын болады.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардағы 200-ден астам мәслихатқа келетін болсақ, олардың депутаттық корпусы 100 пайыз бір мандатты округтерден партиялық емес кандидаттардан құрылатын болады. Бұл өңірлердің дербестігін арттырып, жергілікті бюджетті қалыптастыруға ықпал ету және оның орындалуын бақылауға септігін тигізері сөзсіз.
Президенттің билікті орталықсыздандыру және саяси жүйені демократияландыру жөніндегі дәйекті саясаты билікке азаматтық белсенді қатысудың негізін салып үлгерді. Мемлекет халыққа құлақ асады, қоғамның мүддесі мен сұранысын ескереді. Бүгінгі қабылданған шешімдер жақын арада оң нәтиже беретініне сенімдімін.
Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры