2024 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Халықаралық қатынастар факультетімен бірлесіп «АҚШ-тағы сайлау-2024: жаңа геосаяси шындық жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясатының батыс векторы» тақырыбында сараптамалық талқылау өткізді.
2024 жылғы АҚШ-тағы сайлау американдықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де маңызды оқиға болды. Америка Құрама Штаттарының саяси ландшафтындағы өзгерістер жаһандық қауымдастық үшін қиындықтар мен мүмкіндіктерді қалыптастыру арқылы әлемдік саясатқа үлкен әсер етуі мүмкін.
Ғылыми-зерттеу институттарының, университеттер мен білім беру орталықтарының өкілдері өзгермелі геосаяси жағдай контексінде АҚШ-тағы сайлаудың Қазақстанның сыртқы саясатының батыс векторына әсерін, халықаралық әріптестікті нығайтуға және Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілетуге ықпал ететін батыс елдерімен одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Сондай-ақ, Қазақстан-Америка қатынастарына әсер етуі мүмкін АҚШ-тағы негізгі саяси үрдістер қаралды. Орталық Азия үшін ықтимал тәуекелдер мен жаңа мүмкіндіктер, АҚШ-тағы сайлау нәтижелері контекстіндегі C5+1 форматының перспективалары, сыртқы экономикалық саясаттағы немесе елдің халықаралық міндеттемелеріндегі өзгерістер талқыланды.
Сарапшылық талқылауға қатысушылар жаһандық державалар – АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы өсіп келе жатқан геосаяси бәсекелестік жағдайында Қазақстанға көпвекторлы саясатты сақтау және нығайту, әріптестермен өзара іс-қимыл құруда прагматизм мен тепе-теңдік саясатын ұстану қажет деген пікірге келісті.
Сонымен қатар экономика, энергетика, қауіпсіздік, ғылым және технологиялар салаларын қоса алғанда, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан күшті және өзара қызығушылық танытатын салаларды дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.