
Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
Жаңа деректер жасанды интеллект қазақстандықтардың күнделікті кәсіби өмірі мен оқуының бір бөлігіне айналатынын көрсетеді. Жасанды интеллект біздің жұмыс істеу тәсілімізді, білім алуға және ақпаратты игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, елдің жаңа когнитивтік экожүйесін қалыптастырып келеді.
Жасанды интеллект туралы әңгімелер тек жоғары үкіметтік билік мен сарапшылар ортасында ғана емес, отбасы мен достар арасындағы әдеттегі әңгімеде, көрші-қолаңның чаттарында да жиі айтыла бастады. Бұл талқылаулардың ауқымы «технологиялық серпіліске» деген үлкен үміттен бастап белгісіздік тудыратын алаңдаушылыққа дейін кең тартады. Біреулер жасанды интеллекттің күнделікті өмірдің шаруаларын жеңілдетіп, маңызды істерге уақыт босататынына қуансa, енді біреулер оны кәсіпке және адамның дербестігіне төнетін қауіп ретінде қабылдайды. Басқаша айтқанда, ЖИ туралы пікірталастарымызда үміт те, үрей де, сондай-ақ біздің әлі нақты түсіне қоймаған, бірақ ауқымы зор бір өзгерістің табалдырығында тұрғанымызды сезіну де қатар жүреді. Дәл осындай жағдайда қиялға емес, деректерге сүйену айрықша маңызды.
Жасанды интеллект туралы әңгімеде OpenAI компаниясының басшысы Сэм Альтман сияқты адамды атамауға болмайды, себебі оны қазіргі заманғы жасанды интеллект революциясының сәулетшісі деп те атайды. Расында да, Альтман – осы саланың маңызды тұлғаларының бірі. Дәл оның бастамасының арқасында ChatGPT талқыланып жатқан идея деңгейінен шығып, жүздеген миллион адамның күнделікті қолданатын құралдары қатарына енді. Оның басшылығымен іске қосылған ChatGPT күрделі алгоритмдерді жаппай қолжетімді етіп, адамдардың жұмыс істеу, білім алу және ақпаратпен өзара әрекеттесу тәсілін түбегейлі өзгертті. Жасанды интеллект қазір қажетті білім мен сараптамаға лезде қол жеткізетін әмбебап құралға айналып, адамның дағдысын, мүмкіндігін және жалпы өмір сапасын жақсарта түсуде. Біздің деректер Қазақстанның бұл жаһандық үрдіске ерте кезеңнен бастап кірісе бастағанын көрсетеді.
ҚСЗИ тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың [1] деректеріне сәйкес, Қазақстан халқының жартысы (50,7%) жасанды интеллект технологияларын пайдаланады. Шын мәнінде, жасанды интеллект эксперименттердің шегінен шығып, күнделікті міндеттер мен үдерістерге кірді, сирек сынамалар мен ойын-сауық құралы болуынан қалды.
Қазақстанда жасанды интеллект қандай салаларда қолданылады? Біздің азаматтардың үштен бірінен көбі оны мәтіндермен кәсіби жұмыс барысында пайдаланады (36,8%), төрттен бірі білім алу және өзін-өзі дамыту үшін қолданады (24,2%), ал әр оннан бірі аналитикалық және зерттеу қызметінде пайдаланады (11,1%). Шындығында, бұл елдің адам капиталы қалыптасатын салаларда – еңбек, дағдылар, оқуға және талдауға қабілет – жасанды интеллекттің орнықты дамып келе жатқанын білдіреді. Мұның бәрі еңбек құрылымында айтарлықтай өзгерістердің бар екеніне нұсқайды. Екі жыл бұрын жасанды интеллект мәтіндерді құрастыру, жобалардың мазмұның жасау, аудармалар және ақпарат жинау сияқты қарапайым операцияларды орындаса, бүгінгі таңда рутиналық қолдану тәсілдерінің орнына жоғары деңгейлі тапсырмалар – интерпретация, сыни тұрғыдан ойлау, шешім қабылдау – кіріп отыр отыр. Практикалық тұрғыдан бұл жасанды интеллект адамның орнын баспай, керісінше күшейтетінін көрсетеді: ол рутинаны жеңілдетіп, еңбектің интеллектуалдық жылдамдығын арттырады.
Расымен де, ұзақ уақыт бойы көптеген елдерде жасанды интеллекттің адамды еңбек процесінен ығыстырады деген алаңдаушылықтар төңірегінде пікірталастар жүрді. Алайда нақты мысалдар керісінше екенін көрсетеді. Жасанды интеллект маманды алмастыра қоймайды, керісінше оны күшейтеді: ол рутиналық, техникалық және дайындық жұмыстарын өз мойнына алып, талдау, интерпретация және шешім қабылдауға уақыт қалдырады. Нәтижесінде еңбек процесінің интеллектуалдық жылдамдығы артып, ақпаратты жылдам өңдеу, оқу және күрделі тапсырмаларды орындау қабілеті жақсарады. Білім беру саласында жасанды интеллект студенттердің, мұғалімдердің және өз бетінше білім алушылар күнделікті тәжірибесінің бір бөлігіне айналды. Жасанды интеллект емтихандарға дайындалуға, ақпарат іздеуге, күрделі тақырыптарды талдауға және жаңа дағдыларды игеруге көмектеседі. Осылайша, қалыптасқан білімнің ресми және бейресми түрлері арасындағы шекара біртіндеп жойылып, үздіксіз оқытудың жаңа моделі қалыптасуда.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – адамдардың ақпаратты іздеу және алу, іздеу жүйелерінен ЖИ-ке көшуі. Қазақстандық жасанды интеллектті пайдаланушылардың 11,1%-ы оны дәстүрлі іздеу жүйелерінің орнына пайдаланатынын мәлімдеді. Оның артында сілтемелерді іздеу емес, дайын түсініктеме немесе шешім алу сияқты танымдық мінез-құлықтың жаңа түрі тұр. Танымдық мінез-құлықтың жаңашылдығы мынада: адам іздеуді тоқтатады, бірақ сұрап, дайын жауап ала бастайды, біз «маған тап» дегеннен «маған түсіндір» дегенге қарай жылжып келеміз. Әрине, бұл өзгеріс оқушылардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағдыларын біртіндеп жоғалтады деп қауіптенетін көптеген ұстаздарды алаңдатады. Алайда ағымдағы деректер көрсеткендей, жасанды инллект бірінші кезекте білім беру тәжірбиелерін алмастырмайды, керісінше оларды толықтырады. Бірақ жалпы алғанда мұндай ілгерілеу таңдау сапасына, жұмыстағы, білімдегі, тұрмыстағы таңдауларға сөзсіз әсер етеді және диалогтық модельдер үйреншікті сандық құралдармен бәсекелесіп жатқанын көрсетеді.
Жасанды интеллекттің таралуы тек жеке дағдыларды қалыптастырумен шектелмей, кең көлемді әлеуметтік-экономикалық әсерлерге де әкеледі. Мысалы, бүгінгі таңда еңбек құрылымы өзгеріп келеді: жасанды интеллект негізгі операцияларды автоматтандырады, сараптамалық функцияларды күшейтеді және күрделі тапсырмаларды орындау жылдамдығын арттырады. Іс жүзінде бұл жұмыс процестерін тиімді ұйымдастыруға, біліктілікке қойылатын талаптарға, ұжымдар ішінде рөлдерді бөлуге септігін тигізеді. Маман алгоритммен бірлесіп жұмыс істегенде кәсіби мінез-құлықтың жаңа түрі пайда болады, ал құралдарды игеру жылдамдығы бәсекелестік артықшылықтың бір бөлігіне айналады. Сонымен қатар, аналитикалық ойлау, жасанды интеллектке тапсырма қоя білу, нәтижелерді интерпретациялау және жаңа тәсілдерді жылдам меңгеру сияқты икемді дағдылардың маңызы да артып келеді. Біз адам капиталының жаңа моделін қалыптастырудың куәсі болып табылатынымызға күмән жоқ, онда білім ғана емес, жаңа технологиялармен жұмыс істеу қабілеті де бағаланады. Алгоритмдермен бірлесіп жұмыс істей білу қабілеті жасанды интеллект буынының негізгі дағдысына айналады деп айтуға болады. Бұл бүгінде қандай дағдылардың сұранысқа ие болуына тікелей әсер етеді:
— цифрлық сауаттылық;
— аналитикалық ойлау;
— ЖИ-ге міндеттерді қою қабілеті;
— нәтижелеріне талдау жасау;
— оқытудың икемділігі мен жылдамдығы.
Дәл осындай шындықта осы нәтижелердің артында не тұрғанын және олардың елдің дамуы үшін не білдіретінін түсіну ерекше маңызды. Жалпы жағдайды қарастырсақ, мәселе жеке цифрлық әдеттерде емес, күнделікті өмірдің терең жаңғыруында екені айқын көрінеді. Жасанды интеллект қазақстандықтардың күнделікті еңбегі, оқуы және ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Ол когнитивтік инфрақұрылымды және білім беру саласын бұрынғыдан да тез дамытатын жаңа ортаны қалыптастырады. Мемлекет пен білім беру институттары үшін бұл адами капиталды дамыту стратегиясын қайта қарауды, ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын қолдауды, білім беру бағдарламаларын жаңартуды және қоғамдағы когнитивтік процестердің арту қарқынын ескеруді қажет етеді.
[1] Әлеуметтік сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылдың 3 қазанынан 5 қарашасына дейін жүргізілді, Іріктемелі жиынтық көлемі 8000 респондентті құрады. Сауалнамаға еліміздің 17 өңірінен және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.


