Skip to content
Басты бет » Алматыда белгілі қытайтанушы ғалым Клара Хафизованың кітабының тұсаукесері өтті

Алматыда белгілі қытайтанушы ғалым Клара Хафизованың кітабының тұсаукесері өтті

2023 жылдың 13 қаңтарында Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қабырғасында белгілі қытайтанушы ғалым Хафизова Клара Шайсұлтанқызының «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» кітабының таныстырылымы өтті.

Бұл іс-шара  Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының құрылғанына 30 жыл толуына арналған шаралар кешенін бастайды.

Монография Қазақ хандығы билеушілерінің үш ұрпағының екі ғасыр бойы қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық бірлігін сақтау жолындағы қызметіне арналған. Монографияның авторы – белгілі шығыстанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық қатынастар тарихы, Қытайдың сыртқы саясаты, Орталық Азия және Қазақстан-Қытай қатынастары жөніндегі білікті маман Клара Шайсұлтанқызы Хафизова. Клара Шайсұлтанқызы бірнеше ірі монографиялар мен жинақтардың және де Қытайда, Ресейде, Ауғанстанда, Иранда, Англияда, Украинада, Жапонияда осы елдердің тілдерінде жарияланған көптеген мақалалардың авторы.

Іс-шара Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың алғысөзімен басталды. «Клара Шайсұлтанқызы аса қиын бағыт – қытайтану саласында еңбек етіп жүрген нағыз ғалымның қайсарлығының үлгісі. Клара Шайсұлтанқызының жанқиярлық қызметі жас зерттеуші-ғалымдарды тәуелсіз Қазақстанның шығыстану және қытайтану ғылымдарының дамуына үлес қосуға шабыттандырады. Қазақстанда қытайтану мектебі әлі қалыптасу сатысында, сондықтан Клара Шайсұлтанқызының еңбегі секілді әрбір монументалды туындының құны алтынмен бағаланады. Қытайтану – қажетті білім көлемін, құзыреттілік деңгейін, қытай тілін білуді және т.б. ескерілетін күрделі бағыт», – деді институт директоры.

Өз сөзінде Клара Хафизова «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» кітабын жазумен 50 жылдан бері айналысып жүргенін еске салды. «Бұл кітап менің жарты ғасырлық Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тарихына арналған еңбегімнің жемісі. Егер бұрын бұл тақырыпты экономикалық және саяси мәселелер тұрғысынан қарастырсақ, бұл кітап өркениеттік көзқарасқа бағытталған. Қазіргі таңда әлем мұрағаттары ашылып жатыр, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар, соған сәйкес адамдар саяхаттап, бірегей материалдар әкеледі. Өзім аударған көптеген түпнұсқа материалдар да бар. Зерттеу әдісім мынадай: алдымен материалдарды аударып, ашық жариялаймын, содан кейін солардың негізінде өз еңбектерімді жазамын. Сол арқылы біздің зерттеушілер жұмысқа сыни тұрғыдан қарауға мүмкіндік алады. Алайда бұл аудармаларды жасау өте қиын болды. Себебі олар көне қытай тілінде жазылған болатын», – деді Клара Шайсұлтанқызы.

Шараға тарихшылар, шығыстанушылар, саясаттанушылар, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшелері, белгілі қоғам және саясат қайраткерлері, дипломаттар, журналистер қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Республикалық тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының директоры, ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова мұндай кітаптың жарыққа шығуын тарихи сәт деп санайды. «Клара Шайсұлтанқызының еңбегі өте маңызды. Ол біздің мемлекеттілігімізге, оның даму тарихына қатысты мәселелерді ғана емес, сонымен бірге геосаяси сипаттағы,  сол кезеңдегі халықаралық қарым-қатынастардың көптеген мәселелерін қарастырады. Клара Шайсұлтанқызының бүгінге дейін атқарған жұмыстары баршамыз үшін үлкен қазына, тарих ғылымының алтын қоры. Қазақ деректану ғылымының бастауында Клара Шайсұлтанқызы тұрды десек қателеспейміз», – деді ғалым.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтардың пікірінше, Клара Шайсұлтанқызының еңбегі Қазақстан тарихына зор үлес қосты. Кітап Қазақ хандығының тарихына, қазақ билеушілері мен көрші мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар тарихына арналған.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа аталынған кітаптың еліміздің дамуына ықпалы зор екенін айтты. «Қазіргі таңда көптеген кітаптарда тек хандар мен элиталар қарастырылса, бұл кітаптың негізгі ерекшелігі – Төле би сияқты тарихи тұлғалардың бейнесі көрсетілген. Қазақ тілінде тарихи кітаптар аз, сол себепті Клара Шайсұлтанқызының еңбегі тарихи санамыздың дамуына зор үлес қосатынына сенімдімін. Бұл кітаптың еліміздің дамуы үшін маңызы зор деп ойлаймын», – деп атап өтті.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразовтың пайымдауынша, болашақта тарихи олқылықтарды болдырмау маңызды. «Клара Шайсұлтанқызы өз еңбегінде Қытаймен қатынас туралы толық мәлімет берген. Бұл болашақ зерттеулершілер үшін үлкен бағыт-бағдар. Сондай-ақ кітаппен танысу барысында автор қытай тілінде жазылған түпнұсқа хаттардың тарихи құндылығын ашқанын байқадым. Бұл болашақта тарихи олқылықтардың алдын алуға себеп болады деп ойлаймын», – деді Рашид Ешенұлы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев еңбекте келтірілген деректердің құндылығына тоқталды. «Бұл басылымның қазақ тілінде шыққанына қуаныштымын. Жасыратыны жоқ, кітапта көрсетілген көптеген фактологиялық материалдардың құндылығы зор. Тілді толық меңгермеген жас тарихшыларға өз пайдасын тигізетініне сенімдімін», – деген пікір білдірді.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Дулатбек Қыдырбекұлы басылымның ғалымдар үшін маңыздылығын атап өтті. «Бұл кітап ғылыми әлем үшін тамаша олжа. Менің ойымша, бұл барлық дипломаттар үшін анықтамалық болуы керек. Кітаптың қазақ тілінде жазылуы барша халқымыздың рухын көтеретінін атап өткім келеді» – деп қорытындылады ол.

 

https://www.inform.kz/ru/knigu-izvestnogo-uchenogo-kitaeveda-prezentovali-v-almaty_a4023223/amp

https://liter.kz/prezentatsiia-knigi-izvestnogo-uchenogo-kitaeveda-klary-khafizovoi-proshla-v-almaty-1673604714/

https://egemen.kz/article/332587-dala-bileushilerininh-diplomatiyasyna-arnalghan-enhbek-dgaryqqa-shyqty

https://aikyn.kz/235913/almatyda-belgili-kytaytanushy-galym-klara-hafizovanyn-kitabynyn-tusaukeseri-otti/

https://vecher.kz/kniga-stepnie-vlastiteli-i-ikh-diplomatiya-v-xviiixix-vekakh-predstavlena-v-almati

https://www.inform.kz/kz/kytaytanushy-klara-hafizovanyn-dala-bileushileri-men-olardyn-diplomatiyasy-turaly-kitaby-shykty_a4023162

https://bizmedia.kz/2023/01/13/v-almaty-sostoyalas-prezentacziya-knigi-50-let-v-proczesse-sozdaniya/

https://turkystan.kz/article/210178-almatyda-kytaytanushy-galym-klara-hafizovanyn-kitabynyn-tusaukeseri-otti/amp/