2023 жылғы 7 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбаймен кездесу өтті.
Құрметті қонақты қарсы ала отырып, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов құрылғанына 30 жыл толған институттың негізгі қызметіне және жетістіктеріне тоқталды.
Өз кезегінде АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай даму үдерісінің негізгі кезеңдері және өзара іс-қимылдың бес өлшемі бойынша Ұйым қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып өтті. Ол 2021–2022 жылдардағы АӨСШК институттарының қызметіне, атап айтқанда Іскерлік кеңестің, Жастар кеңесінің және Талдау орталықтары форумының атқарған жұмыстарына ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Қ.Сарыбай Қазақстан төрағалығының басты жетістігі – өткен жылдың қазан айында Астанада өткен АӨСШК-нің алтыншы мерейтойлық Саммитінің ерекшеліктеріне тоқталды. Онда Кеңесті толыққанды халықаралық өңірлік ұйымға айналдыру туралы тарихи шешім қабылданғанын, Қазақстан төрағалығының алдағы екі жылға белгіленген маңызды міндеттерімен бөлісті.
Отырысқа АӨСШК әскери-саяси бағыты бойынша сарапшы Д.Қуанышев, АӨСШК Хатшылығының аға маманы А.Таналинов және ҚСЗИ ғылыми қызметкерлері қатысты.