17 қазанда Astana Think Tank Forum 2024 аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі II Орталық Азия форумы (CAF 2024) өтті.
Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының сарапшыларын біріктіретін Орталық Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалог алаңы ретінде екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Сессия модераторы ретінде сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Орталық Азия елдерінің алдында тұрған қатерлер туралы мәселені көтерді.
«Біз әлемдік жүйе дамуының жаңа кезеңіне аяқ бастық, онда біз қырғи-қабақ соғыстан бері байқалмаған геосаяси қиындықтарды көріп отырмыз. Бұл ажырау сызықтары тек дәстүрлі өлшемде ғана емес, сонымен қатар жаһандық динамиканың жаңа, айқын емес аспектілеріне де әсер етеді. Сонымен қатар, Астана сараптамалық форумы сияқты платформа сындарлы ынтымақтастық көпірлерін салады: геосаяси бытыраңқылық әлемінде Қазақстан сенім мен диалогтың күн тәртібін алға ілгерілетуде», — деп атап өтті Е.Тұқымов.
Форумға құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.
Сенат Төрағасы өз сөзінде жаһандық дамудың қазіргі кезеңі геосаяси шиеленістермен және халықаралық қатынастардағы тұрақсыздықпен қатар келіп отырғанын атап өтті. Мұндай жағдай қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуде орта державалардың рөлі мен жауапкершілігін арттыра түседі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Форумның пленарлық отырысында орта елдердің артып келе жатқан рөліне жан-жақты тоқталды. Негізінен ірі державалардың көлеңкесінде қалып келген орта елдер бүгінде аймақтық және жаһандық тұрақтылық пен әлемнің орнықты дамуын қамтамасыз етуде алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл олардың икемділігіне, диалогқа бейімділігіне және сындарлы өзара іс-қимылына қатысты екенін атап өткен жөн. Соңғы жылдарда Қазақстан өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды жеңілдету үшін конструктивті өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық саясатын дәріптеп келеді. Бізде жаһандық күн тәртібін ілгерілетуде және өзекті мәселелерді шешуде орта державалардың жеткілікті деңгейде тиімді бола алатынын көрсететін нақты нәтижелер де бар», – деді Сенат Төрағасы.
Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов біз жаңа Орталық Азияның қалыптасып жатқанына куә болып отырғанымызды атап өтті.
«Біз жаңа Орталық Азияның қалыптасып келе жатқанының куәсі болып отырмыз. Бүгінгі таңда Орталық Азия өзінің негізгі экономикалық және сауда серіктестеріне қатысты шоғырландырылған позицияны ұстануға қабілетті жаңа мүмкіндіктер аймағы болып табылады. Аймақ дамудың мүлде жаңа жолына түсуде. Елдер арасындағы сенім де артып келеді. Оған мысал ретінде соңғы жеті жылда өзара инвестицияның екі есеге, тауар айналымының төрт есеге өсуін айтуға болады», — деді сарапшы.
Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының Аймақтық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу департаментінің басшысы Шарифзода Саидхомид аймақ елдерінің ағымдағы жағдайын талқылай отырып, Орталық Азия тарихындағы жаңа дәуірдің бүгінгі күннен басталуы туралы ойымен бөлісті.
«Орталық Азия елдері С5+ форматында бір аймақ ретінде ұсынылған халықаралық платформаларға келетін болсақ, аймақтың халықаралық қатынастар объектісінен субъектісіне айналуы байқалды. Бұл аймақ мемлекеттерінің өзара және бүкіл әлеммен қарым-қатынасының дамуындағы өте маңызды сәт», — деп атап өтті тәжік сарапшысы.
Каспий теңізі мәселелері жөніндегі аға ғылыми қызметкері Эрик Руденшиолд (Caspian Policy Center, АҚШ) АҚШ пен Орталық Азия өңірі арасындағы қарым-қатынастардың даму динамикасына қатысты өз көзқарасымен бөлісті.
«АҚШ пен Орталық Азия арасындағы өзара қарым-қатынас жоғары деңгейде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы аясында өткен С5+1 форматындағы президент Байденмен кездесу осыны растайды. Аймақ халықаралық саясатта тәуелсіз рөл атқара бастаған сайын, Вашингтон үшін маңыздылығы да артып келеді. Сонымен қатар, аймақ мемлекеттерінің АҚШ-пен қарым-қатынасы Ақ үй әкімшілігіндегі өзгерістерге тәуелді емес – қарашадағы сайлаудан кейін билікке кім келсе де, Америка Құрама Штаттары Орталық Азиямен өзара әрекеттесу бағытын жалғастырады», – деді америкалық сарапшы.
Талқылауға қатысушылар тұрақты өңірлік даму үшін Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру және қазіргі заманның сын-қатерлерін бірлесіп шешу қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.