Skip to content
Басты бет » Астанада белгілі ғалым-саясаттанушы Санат Көшкімбаевтың кітабының таныстырылымы өтті

Астанада белгілі ғалым-саясаттанушы Санат Көшкімбаевтың кітабының таныстырылымы өтті

2023 жылдың 3 ақпанында танымал саясаттанушылар, дипломаттар, ғылыми-сарапшылық топтардың өкілдері «Казахстан и Центральная Азия между вызовами из прошлого и грядущего» кітабының таныстырылымына қатысты. Іс-шара ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Кітап авторы Санат Көшкімбаев, институт директорының орынбасары, саясаттану ғылымдарының докторы, еліміздің сыртқы саяси бағытын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қалыптастыруға зор үлес қосқан халықаралық қатынастар саласындағы белгілі сарапшы.

Тәуелсіз дамудың 30 жылында Орталық Азия қоғамдарында орасан зор, тектоникалық өзгерістер болды. Аймақта азаматтық соғыстар да, барқыт революциялары да болды. Орталық Азия елдерінің әрқайсысы мемлекеттілікті құру бағытын белгілеп, әлемдік аренада өз орнын іздеді. Санат Қайрслямұлының кітабында өңірдің эволюциясын көрсететін мақалалар мен баяндамалар жинақталған, негізгі сын-қатерлер мен тәуекелдер талданады, даму трендтері мен сценарийлері қадағаланады.

Таныстырылымды ашқан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов бұл кітап Санат Көшкімбаевтың көп жылғы еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда кітапта қамтылған зерттеулер өте маңызды. Оның арқасында Орталық Азия өңірінің ішкі процестерін тарихи және саяси аспектіде жақсырақ түсінуге болады.

«Халықаралық тұрақсыздықтың шиеленісуі жағдайында өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығы артып келеді. Орталық Азия қайтадан үлкен халықаралық саясаттың назарына ілігіп отыр. Қазір Шығыс, Оңтүстік Азия мен Батысты байланыстыратын көпірге айналды. Институт сарапшылары ретінде өңірдегі зерттеулерге ерекше мән береміз. Біздің сарапшылар өз деңгейінде ынтымақтастық тақырыптарын табысты түрде ілгерілетіп келеді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Орталық Азиядағы сарапшылармен тұрақты кездесу өткізетін дәстүрлі алаңға айналды. Біз былтыр бірнеше маңызды іс-шаралар өткізген едік. Сондай-ақ жақында ғана 20 қаңтарда ҚР СІМ-мен бірлесіп «Орталық Азия-2030: болашақтың келбеті» сараптамалық кездесуін ұйымдастырдық. Бірінші рет бір сессияда Орталық Азияның бес елінің барлық жетекші институттары мен стратегиялық зерттеулер орталықтарының басшылары жиналды. Бұл іс-шара Орталық Азия серіктестерінің жоғары қызығушылығын тудырды», – деді институт басшысы.

Еркін Тұқымов, сондай-ақ Санат Қайырслямұлының кітабында аймақтық дамудың қазіргі және болашақтағы тенденциялары айқындалып, қауіпсіздік пен бірегейліктің маңызды мәселелері қарастырылған атап өтті.

«Бұл кітап көпжылдық еңбектің, оның ішінде зерттеулердің, сауалнамалар мен сарапшылық коммуникациялардың нәтижесі. Кітапты оқу барысында Орталық Азия аймағының ішкі процестерін тарихи және саяси аспектіде жақсырақ түсінуге болады. Орталық Азияның субъективтілігін қалыптастыру аясында Санат Қайырслямұлының монографиясы бүкіл аймақтың зерттеушілері мен сарапшылары үшін ерекше құндылыққа ие», – деді ҚСЗИ директоры.

Шараға саясаттану ғылымдарының докторлары, тарихшылар, халықаралық зерттеулер саласындағы көрнекті ғалымдар, университет оқытушылары қатысып, кітаптан алған әсерлерімен бөлісті. ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Тәженов мұндай кітаптың шығуы айтулы оқиға екенін атап өтті. «Кітаптың тақырыбы Санат Қайрслямұлының докторлық диссертациясының тақырыбына сәйкес келеді. Сондықтан да болар, ол өте терең, барша назар аударуға тұрарлық болып шықты. Біздің институт практикалық қазақстандық дипломатияны аналитикалық қамтамасыз етумен айналысады. Қазір біз Орталық Азия мәселелерімен айналысатын Еуразиялық зерттеулер орталығын құрдық және бұл басылым орталық қызметкерлері үшін анықтамалық болатынына сенімдімін, өйткені мұнда белгілі бір мәселенің белгілі бір кезеңдегі жай-күйін білуге болады», – деді Амангелді Тәженов.

Өз кезегінде Санат Көшкімбаев еларалық тиімді ынтымақтастық мәселесі аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін де, іс жүзінде көптеген басқа халықаралық серіктестермен оңтайлы ықпалдастық үшін де шешуші мәселе болғанын және болып қала беретініне тоқталды. «Аймақ елдері үшін көліктік өзара байланыс маңызды тақырып. Бұл аймақтық ынтымақтастықты да объективті түрде ынталандырды. Ағымдағы дағдарыс аясында көлік дәліздері туралы пікірталастар тағы да шиеленісе түсті және бұл аймақ елдерінің халықаралық күн тәртібіндегі жақын болашақта ең маңыздысы болатыны анық. Су және энергетика – бұл аймақты тығыз байланыстыратын және климаттық мәселелерге тікелей сәйкес келетін тағы екі маңызды сала. Аймақ мемлекеттерінің алдында тұрған осы мәселелердің барлығы болашақ міндеттерге айналады. Оларды таза ұлттық деңгейде шешуге болмайтыны анық, оларға қандай да бір жолмен жауаптарды барлық аймақтық елдер келісілген түрде іздеуі керек», – деп атап өтті кітап авторы.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, тарихи, этномәдени, этноконфессиялық, геосаяси қауымдастыққа қатысты кез келген кітаптың шығуы қашан да маңызды. «Кітапты оқи отырып, бізде әлі де осындай жұмысты атқаруға – өзінің барлық жұмыстарын жинақтап, логистикалық тізбекке айналдырып, жеке кітап етіп шығаруға ерік-жігері, уақыты мен ниеті бар авторлардың бар екеніне қуандым. Шындығында бұл өте маңызды. Бұл еңбектерді бір нәрсе біріктіреді: автордың Орталық Азиядағы геосаяси, этномәдени қазіргі жағдайға сыни көзқарасы. Біз үшін бұл жерде Қазақстанның көзқарасы болғаны маңызды. Мұнда тек қазіргі сәт туралы ғана емес, сонымен қатар өткен оқиғаларға да көз жүгірту бар. Біздің аймақты біріктіретін ұйымдар болғанымен Орталық Азияда жалпы байланыс жоқ. Ал мұндай кітаптың шығуы – ерекше оқиға. Санат Қайрслямұлының сараптамалық және талдамалық қызметіндегі барлық мол тәжірибесі дипломат ретінде осы кітапта көрініс тапқан. Бұл үлкен тарихи оқиға. Кітап интеллектуалдық кеңістіктегі деспотизмді жояды. Мұндай кітаптардың арқасында біз интеллектуалдық кеңістікті де игереміз», – деп бөлісті сарапшы.

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әміребаев жинақта автордың белгілі бір мәселелерге көзқарасының эволюциясын көруге болатынына тоқталды. «Санат Көшкімбаев сияқты ғалымдардың, педагогтардың арқасында осындай диалог пен пікірталасқа мүмкіндік туады деп ойлаймын. Автор – энциклопедиялық білімі бар зиялы тұлға. Мұндай жинақтың шығуы, менің ойымша, саяси зерттеулердің өте қызықты және болашағы үшін зор жанр. Біз монографиялармен жұмыс істеуге әдеттеніп қалдық, олар соншалықты үлкен болғанымен тек бір мәселеге бағытталған. Ал бұл жинақтан ғалымның түрлі мәселелерге көзқарасының эволюциясын көреміз. Оның үстіне бұл өте өзекті зерттеу. Жинаққа Санат Қайырслямұлының бірқатар баяндамалары енген және мұның бәрі белгілі бір тәрбиелік мәні бар бір форматта жинақталғаны өте жақсы: мәселен, магистранттар, докторанттар бір кітаптан ғалымның аймақ үшін маңызды саналатын бірқатар өзекті тақырыптарға көзқарасын қарастыра алады», – деді Айдар Әміребаев.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аймақтану» кафедрасының меңгерушісі Әйгерім Оспанова «Казахстан и Центральная Азия между вызовами из прошлого и грядущего»  монографиясының өзектілігі еш күмән тудырмайтынын және тақырыптың өзінен-ақ көрініп тұрғанын атап өтті. «Кітап өңіріміздегі өзекті мәселелерге жүйелі көзқарасты қалыптастырады деп ойлаймын. Бұған халықаралық тәжірибе, тарих және Орталық Азиядағы барлық өзекті мәселелер: су, шекара, интеграция мәселелері және т.б. кіреді. Бұл еңбек бұрын ҚСЗИ ұжымы басып шығарған бірқатар тамаша ғылыми еңбектерді сәтті толықтырады деп ойлаймын. Бірақ мен академиялық ортаның, оқу орнының өкілі бола отырып, бізде «Аймақтану» кафедрасында Орталық Азия бойынша мамандық бар екеніне назар аударғым келеді. Онда ізденушілер өлкетанумен тікелей айналысады. Негізінде, бұл тақырыпқа арналған еңбектер өте аз, дәл осындай жүйелі зерттеу жетіспейтін. Бәлкім, осында, Қазақстанда Орталық Азия елдерін зерттеу институтын құру қажеттілігі де пісіп-жетілген шығар», – деп есептейді сарапшы.

Николай Кузьмин, Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы: «Біздің әлемде көп нәрсе өзгеріп жатқанын айтқым келеді, бірақ ешқашан өзгермейтіні: бұл Санат Қайырслямұлы – оның интеллекті және оның зерттеу әдістері. Ағартушылық ұстанымы, ғылыми көзқарастары фактілер мен әдіске негізделген адамдар бар».

Андрей Чеботарев, «Альтернатива» заманауи зерттеулер орталығының директоры: «Санат Қайырслямұлының осы жылдар ішінде айтқан және жазған көптеген материалдары қазір де өзекті болып қала береді. Әсіресе, Орталық Азия интеграцияланбаса да, қандай да бір бірігуге, ынтымақтастықтың жаңа нұсқасына бет бұрған жағдайда. Әзірге тіпті бес ел президенттерінің консультативтік кездесулері аясында да болсын. Зерттеуге де, Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы саясатын зерттейтін біздің орталыққа да көмектесетін сараптамалық көзқарасы үшін авторға алғыс айтамын».

Елена Нечаева, Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры: «Айтқым келгені, біз өңіріміздің өзекті мәселелерін көтеретін осындай кітаптың шығуын күткен едік. Орталық Азиядағы мәселелер бойынша мұндай көпжылғы енбектің жарыққа шығуы тек сараптамалық орталықтар мен сарапшылар қауымдастығы үшін ғана емес, ең алдымен, академиялық орта – Орталық Азия аймағының мәселелерін жеке курс ретінде зерттейтін студенттер үшін маңызды. Осы орайда айта кетейін, Орталық Азия бойынша әдебиеттер, аналитика мүлдем жетіспейді. Студенттерге ұсына алатын осындай еңбектер көбірек жазылса деймін. Өйткені бүгінгі таңда өзекті мәселелерге арналған ғылыми әдебиеттер жоқтың қасы».