16 қазанда Астанада бірінші Astana Think Tank Forum 2024 басталды, оның күн тәртібіне орта державалар тұрғысынан жаһандық халықаралық жүйенің іргелі негіздерін талқылау алынды. Астана халықаралық форумының (AIF) демеушілігімен өтіп жатқан шараның ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты. Форумға әлемнің 22 елінен 45 сарапшы қатысып отыр.
Форумның тақырыбы «Өзгермелі әлемдік тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты дамуды нығайту» деп белгіленді. Шараға жетекші қазақстандық және шетелдік сараптамалық орталықтардың басшылары, зерттеушілер, сарапшылар мен дипломаттар қатысуда.
Форум орта державалар дипломатиясының негіздеріне арналған сессиядан басталды. Модераторы Borderless Consulting Group компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры Чарльз Маклин (АҚШ).
Пікірталасқа қатысушылар қазіргі жаһандық ландшафттағы орта державалардың стратегиялық және дипломатиялық рөлдерін талқылады.
Форум қатысушыларына Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин құттықтау сөз сөйледі. А.Рахметуллин атап өткендей, қатысушылардың саны, сондай-ақ Форумның ауқымды күн тәртібі, диалогтың мұндай форматы сарапшылар, зерттеушілер мен саясаткерлер өз ойларымен бөлісетін, достық және ашық атмосферада ең күрделі халықаралық мәселелердің шешімдерін әзірлейтін «track 2» дипломатиясына айналатынын дәлелдейді.
«Әлемдегі геосаяси турбуленттілікке қарамастан, біздің сыртқы саяси ұстанымдарымыз өзгеріссіз қалады. Біз көпвекторлы саясат, тепе-теңдік, прагматизм және ұлттық мүддені қорғаудың негізгі қағидаттарын ұстанамыз», – деді А.Рахметуллин.
Индонезияның Сыртқы саясат қоғамдастығының (FPCI) негізін қалаушы және төрағасы Дино Патти Джалал өз кезегінде былай деп атап өтті: «Орта держава» ұғымы екі өлшемді қамтиды: біріншісі әлеуеті, бұл өлшемі секілді факторлар (аумақтық және демографиялық), салмақтық (саяси-дипломатиялық, экономикалық) және амбициялары (аймақтық және жаһандық). Екінші өлшем – теңгерімді, қалыпты позиция (middle-grounded position). Мәселен, Қазақстан бүгінде бұрынғы кезбен салыстырғанда барынша орта державаға айналды, оған әлеуетінің артуы мен әлемдік тәртіптің қалыптасуына ықпал етуге мүмкіндік беретін стратегиялық теңгерімді ұстанымы ықпал етті», — деп атап өтті спикер.
Флетчер мектебінің Халықаралық құқық және басқару орталығының аға ғылыми қызметкері Джошуа Линкольн (Тафтс университеті, АҚШ) өз сөзінде мынаны атап өтті: «Қазіргі уақытта орта державалар үшін халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға нақты мүмкіндік бар. Бұл типтегі елдер қауіпсіздік жүйесін қолдауға бірдей мүдделі, өйткені тұрақтылық мәселесі осы елдердің ДНҚ-сында бар».
Геосаясат бойынша арнайы кеңесші (Монтень институты, Франция) Мишель Дюкло өз сөзінде орта державалардың маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті: «Сонымен бірге болашақта бейбітшілік орнату және жағдайды тұрақтандыру мүмкіндігі орта державалар үшін үлкен сынақ болып табылады. Бүгінде олар үшін бірыңғай платформа жоқ. Мысалы, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселелері менің елімді де, басқа мемлекеттерді де ерекше қызықтырады. Бірақ менің ойымша, егер орта державалар үшін бірыңғай платформа болмаса, жұмыс істеу қиынға соғады, бұл Жаһандық Оңтүстікке де, Жаһандық Солтүстікке де қатысты», — деді М.Дюкло.
Форумның екі күнінде Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі кеңістіктегі өзара әрекеттестіктің геосаяси, экономикалық және стратегиялық аспектілері талқыланады.
Форумға қатысушылар жаһандық қақтығыстар мен шиеленіс жағдайында делдалдық елдердің рөлі; жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету; орта державалардың анағұрлым теңдестірілген және ынтымақтасатын жаһандық жүйені құру әлеуеті; көпполярлы әлемдегі қауіпсіздік мәселелері; саясатты қалыптастырудағы талдау орталықтарының рөлі; негізгі сауда және көлік дәліздері және олардың аймақтағы елдердің экономикалық дамуына әсері; тұрақтылықты, энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ету және т.б. тақырыптарды талқылайды
17 қазанда өтетін пленарлық отырысқа Мемлекет басшысы қатысады деп жоспарлануда. Astana Think Tank форумы аясында ІІ Орталық Азиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтеді.