Ағымдағы жылдың 5 қарашасында Қазақстанда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің пилоттық сайлауы өтті. 42 аудан мен 3 қаланың басшылары сайланды. Өткен сайлауды Қазақстан үшін тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені мұндай деңгейдегі сайлау алғаш рет өтті.
Абай облысы – Курчатов қ., Абай ауд. | Қарағанды облысы: Приозерск қ., Ақтоғай, Осакаров аудандары |
Ақмола облысы – Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандары | Қостанай облысы: Рудный қ., Алтынсарин, Денисов, Қарабалық, Федоров аудандары |
Ақтөбе облысы: Ырғыз, Қобда, Ойыл аудандары | Қызылорда облысы: Сырдария, Шиелі аудандары |
Алматы облысы: Балқаш, Жамбыл аудандары | Маңғыстау облысы: Бейнеу ауданы |
Атырау облысы: Исатай, Қызылқоға аудандары | Павлодар облысы: Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандары |
Шығыс Қазақстан облысы: Алтай, Глубокое аудандары | Солтүстік Қазақстан облысы: Есіл, Мәмлүт, Тимирязев аудандары |
Жамбыл облысы: Жуалы ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы аудан | Түркістан облысы: Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандары |
Жетісу облысы: Кербұлақ, Сарқан аудандары | Ұлытау облысы: Ұлытау ауданы |
Батыс Қазақстан облысы: Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандары |
ҚР ОСК деректері
Пилоттық сайлау өткізу туралы шешім Қазақстанның саяси жаңғыру үдерісіндегі мақсатты қадам және жергілікті басшыларды тікелей сайлауға көшудің кең стратегиясына сәйкес келеді. Бұл үдеріс қазақстандық демократияның дамуындағы, азаматтардың саясатқа қатысуын арттырудағы, сондай-ақ саяси мәдениеттің жалпы деңгейіндегі маңызды кезең.
Өткен сайлау пилоттық болғанына қарамастан, азаматтардың қатысуының жоғары деңгейін көрсетті. Мәселен, ел бойынша сайлаушылардың келуі 62,8%-ды құрады. Бұл пилоттық сайлау аясында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының соңғы сайлауында келу 54,2% деңгейінде тіркелгенін ескере отырып, айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
ҚР ОСК деректері
Сонымен қатар халықтың сайланбалы лауазымдарға үміткерлер ретінде жергілікті сайлауға қатысуға деген қызығушылығы байқалады. Үміткерлерді ұсыну кезеңінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауына қатысуға 242 адам өтінім берді. Алынған мәліметтердің сайлау туралы заңнамаға сәйкестігін тексеру қорытындысы бойынша 161 кандидат тіркелді. Орташа бәсекелестік шамамен 4 адамды құрады.
Бұл ретте тіркелген 161 үміткердің ішінде 89-ы өзін-өзі ұсынушылар болды. Олардың үлесі шамамен 55 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш ерекше, себебі ол азаматтық қоғам өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің жергілікті сайлауға деген қызығушылығының айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Өңірлік бөліністе Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарының, Жетісу облысының тұрғындары белсенділік танытты (1-диаграмма).
ҚР ОСК деректері
Өткен пилоттық сайлау, халықтың саяси белсенділігі мен тартылуын арттырудың жоғарыда аталған факторларынан басқа, ауқымды өңірлік сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізуде тәжірибе жинақтау есебінен елдің сайлау жүйесінің дамуына ықпал етті.
Дауыс беру күні 1 553 сайлау комиссиясының жұмысы ұйымдастырылды.
Сайлау қорытындысы бойынша 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың басшылары сайланды.
Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрады.
ҚР ОСК деректері
Оң нәтижемен бірге аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің пилоттық сайлауынан өткен бірқатар мәселелерді анықтап, оларды жетілдіру қажет:
біріншіден, әйелдердің сайланбалы қызметке үміткер ретінде сайлау үдерісіне қатысуын арттыру. Бұл бағытта әйелдерді тарту және ілгерілету бойынша партиялардың белсенділігін арттыру, сондай-ақ мемлекет тарапынан әйелдерді белсенді саяси қызметке қосу бойынша ынталандыру шараларын қолдану қажет;
екіншіден, жергілікті деңгейде, әсіресе жастар арасында азаматтардың сайлау белсенділігінің деңгейін арттыру бойынша жаңа шараларды қолдану;
үшіншіден, саяси қатысу және сайлау үдерісі мәселелерінде халықтың саяси, құқықтық сауаттылығының деңгейін арттыру.
Осылайша, Қазақстанда өткен әкімдердің пилоттық сайлауы –демократияны дамытудағы және азаматтардың саясатқа қатысуындағы маңызды қадам. Сайлау халық пен азаматтық қоғамның қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Алайда, әйелдер мен жастардың қатысуы сияқты анықталған аспектілер сайлау жүйесін толық дамыту және саяси мәдениетті нығайту үшін қосымша күш-жігерді қажет етеді.
Әмина Үрпекова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы