Республика күнінің басты ұлттық мереке ретінде қайта оралуы – тарихи әділдіктің орнауының айқын көрінісі. Осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі халық арасында жан-жақты қолдау тауып, мамандардың оң бағасын алған болатын. Бұл қадам мемлекеттігіміздің қалыптасуының негізінде жатқан оқиғалардың маңыздылығын айқындай түсті.
1990 жылдың 25-ші қазанында Тәуелсіз Қазақстанның іргелі құжатына айналған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация жарияланды. Бұл декларацияда еліміздің болашақта дамуына бағыт беретін басты қағидалар бекітілген. Аталған құндылықтар тәуелсіздікке жетудегі басты бағыт-бағдар болды.
Бұл күннің мәні ерекше, себебі Декларацияда мемлекеттің егемендігі мен өзіндік басқаруға деген ұмтылысы көрініс тапты. Мерекенің қайта оралуы осы құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын еске салып, ұлттық бірлікті нығайтуға және өткен мен бүгіннің байланысын көрсетуге бағытталған.
Салтанат Ермаханова,
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы
ҚР Президенті жанындағы
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты