Темірлан Әбуғали,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы
2025 жылғы 4 наурызда Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның 79-шы Бас Ассамблеясында Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы қарар бірауыздан қабылданды. Біздің еліміз үшін тарихи маңызы зор бұл құжаттың тең авторлары ретінде БҰҰ-ның 152 мүше мемлекеті қолдау көрсетті.
Бұл бастаманы алғаш рет 2019 жылы Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында ұсынған болатын. Мемлекет басшысы орталықты Қазақстанның оңтүстік астанасында сол жылы мамыр айында ашылған халықаралық ұйымдар ғимаратының негізінде құруды ұсынды. Сол кезде онда БҰҰ-ның 16 агенттігі (қазіргі таңда 18) жұмыс істеп тұрған еді.
Алматыда БҰҰ өңірлік хабының құрылуы – еліміздің маңызды сыртқы саяси жетістігі. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы мәртебесі мен беделін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар көпжақты дипломатиямыздың ауқымы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Орталық Орталық Азия мен Ауғанстанда БҰҰ-ның 17 Тұрақты даму мақсатына қол жеткізу бойынша көпжақты күш-жігерді үйлестіру алаңы ретінде қызмет атқарады. Осылайша, халықаралық және өңірлік мүдделі тараптар (өңір елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары, жеке сектор және азаматтық қоғам) озық тәжірибемен алмасу, техникалық көмек көрсету және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігіне ие болады.
Елдік деңгейде орталықтың құрылуы Қазақстанға БҰҰ күн тәртібіне сәйкес келуге және 2029 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында көрсетілген негізгі басымдықтарды, соның ішінде экономиканы әртараптандыруды, жасыл энергетиканы кеңейтуді және инклюзивті қоғам құруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Өңірлік деңгейде бұл орталық Орталық Азия елдеріне өңірлік ортақ мәселелерді бірлесіп шешу үшін қажетті институционалдық құрылымды ұсынатын болады. Олардың қатарына климаттың өзгеруі, экологиялық тәуекелдер, су ресурстарын басқару, кедейлікті азайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ экономикалық байланыстар мен көлік-логистикалық бағыттарды дамыту мәселелері кіреді.
Болашақ орталықтың мандаты Ауғанстанды да қамтиды, оның қауіпсіз және тұрақты дамуы Орталық Азияның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Орталықтың құрылуы Ауғанстанның өңір елдерімен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық байланыстарын кеңейтуге жәрдемдесу арқылы елдегі бейбітшілік пен өркендеуге ықпал ететін болады.
БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойында орталықтың құрылуы туралы шешімнің қабылдануы символдық мәнге ие. Бұл қадам БҰҰ жүйесін реформалау үдерісіне өз үлесін қосып, оның өңірлік деңгейдегі қызметінің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.