Skip to content
Басты бет » Душанбедегі «ОА + Ресей» саммиті: тепе-теңдікті сақтай отырып, экономикалық-саяси диалогты нығайту

Душанбедегі «ОА + Ресей» саммиті: тепе-теңдікті сақтай отырып, экономикалық-саяси диалогты нығайту

Санат Көшкімбаев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы

Алдағы күндері Душанбе қаласында ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті аясында «Орталық Азия + Ресей» форматында кездесу өтеді. Бұл формат – экономикалық мәселелерді үйлестіруге бағытталған өңірлік өзара іс-қимылдың маңызды тетігі. Ол Қытай, Еуропалық одақ, ТМД және ЕАЭО сияқты екіжақты және көпжақты бағыттарды толықтырады, бірақ оларды алмастырмайды. Форматтың артықшылығы – саяси ерікті шоғырландыру, инфрақұрылымдық, транзиттік және энергетикалық жобалар бойынша жедел үйлестіру, сондай-ақ инвестициялық және технологиялық бастамалардың кешенді пакетін іске асыру мүмкіндігі.

2025 жылғы 9 қазанда Душанбе қаласында өтетін саммит Ресейдің Орталық Азиядағы белсенді дипломатиялық қадамдарының қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Ол ТМД саммитімен қатар өтетіндіктен, оның маңызы үйлестіру тұрғысынан ерекше арта түспек. Мемлекет басшылары бір жерде бас қосса, ірі жобалар бойынша жол карталарына қол қою (транзит, энергетика, бірлескен өндіріс), үкіметаралық қаржыландыру тетіктерін келісіп, жеделдетуге серпін беру жеңілдейді. Бұл тақырыптық форумдармен салыстырғанда таза институционалдық айырмашылыққа ие.

Тарихи тұрғыдан алғанда, өңірдегі ірі бастамалардың табысты жүзеге асуы көбіне қаржыландыру, технологиялық мүмкіндіктер мен саяси қолдаудың үйлесіміне байланысты. Мысалы, биылғы жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық белсенді дами бастады.

Бұл тұрғыда әлеуметтік-экономикалық жағдайды бір сәтте түбегейлі өзгертетін ірі құжаттар қабылданады деп болжау орынды бола қоймас. Алайда, саммит ұзақ мерзімді жобалар мен бағдарламаларды іске қосуы мүмкін. Олар болашақта халықтың өмір сүру деңгейіне және қатысушы елдердің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер ете алады.

Ресей мен басқа да сыртқы қатысушылар арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екендігі туралы айтатын болсақ, келесілерді атап өтуге болады.

Қазақстан үшін тәуелсіздік алған сәттен бастап көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып келе жатқан мемлекет ретінде, әлемнің жетекші ойыншыларымен қатынастардағы тепе-теңдікті сақтау – елдің тұрақты дамуы үшін айрықша стратегиялық қажеттілік. Дәл осы тепе-теңдік қағидаты Қазақстанның сыртқы саясатының негізін құрайды. Еліміз Қытаймен, Еуропалық одақпен, Түркиямен, АҚШ-пен және басқа да серіктестермен өзара қатынастарды қатар дамыта отырып, экономикалық тиімділікке, технологиялық мүмкіндіктерге қол жеткізуді және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді мақсат етеді.

«Орталық Азия – Ресей» саммитін көпвекторлы саясаттан алыстау қадамы ретінде қарастыруға болмайды. Керісінше, бұл Астана үшін стратегиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды тетігі. Мұны сарапшылардың бағалаулары да, сондай-ақ Қазақстан басшылығының нақты қадамдары да айқын дәлелдейді.

Неліктен Қазақстан үшін тепе-теңдікті сақтау маңызды? Біріншіден, тек бір ірі көршіге арқа сүйеу сыртқы күйзелістер мен саяси қысымдарға осалдық тудырады, ал сауда-инвестициялық әртараптандыру мұндай тәуекелдерді азайтады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымы шамамен 141,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Ресей негізгі, бірақ жалғыз серіктес емес – сонымен қатар Қытаймен және басқа да мемлекеттермен бірлескен жобалар көлемі өсіп келеді.

Мысалы, энергетика саласында жобалар бәсекелестік жағдайында жүзеге асырылуда. Бұған дейін атап өткенімдей, «Росатом» атом электр станциясы бойынша бір тендерді жеңіп алса, қытайлық компаниялар басқа нысандарда жұмыс жүргізіп жатыр, ал батыс инвесторлары мұнай саласы мен сервистік қызметтерге тартылған. Мұндай бәсекелестік Қазақстан үшін тиімді шарттарды қамтамасыз етіп, тәуелділікті азайтады.

Екіншіден, тепе-теңдік Қазақстанға сыртқы қатынастар шиеленіскен жағдайда икемді әрекет етуге және саяси шешімдердегі егемендігін сақтауға мүмкіндік береді. Алдағы саммиттің күн тәртібі саяси декларациялардан гөрі нақты, экономикалық тұрғыдан тиімді жобаларға, яғни логистика, көлік, энергетика және өнеркәсіптік кооперация салаларына баса назар аударады. Бұл өз кезегінде біржақты тәуелділік тәуекелін төмендетіп, Ресейдің өңірдегі қатысуын неғұрлым болжамды әрі экономикалық тұрғыдан негізді етеді.

Үшіншіден, Қазақстан Қытаймен, Еуропалық одақпен және басқа да серіктестермен екіжақты және көпжақты келіссөздерді белсенді түрде жалғастырып келеді. Душанбе саммиті – бұл тепе-теңдікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі, алайда ол бұл бағыттағы жалғыз құрал емес. Басқаша айтқанда, саммит Ресеймен экономикалық және саяси диалогты нығайтады, алайда шынайы тепе-теңдікті сақтау үшін өзге бағыттардағы параллель белсенділік пен институционалдық әртараптандыру қажет.

Осылайша, Душанбе саммиті Қазақстан үшін «немесе» деген таңдаудан гөрі «бірге» қағидатына негізделген стратегияның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл – Ресеймен стратегиялық әріптестікті растауға, сонымен қатар өзара тиімді қатынастарды барлық мүдделі тараптармен қатар дамытуға мүмкіндік береді. Ақыр соңында, дәл осындай байыпты және прагматикалық ұстаным еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізін қалайды.

Ресеймен ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттары туралы айта отырып, Қазақстан үшін Орталық Азияның ең ірі экономикасы ретінде Ресеймен өзара қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие және оның айқын басымдықтары бар екенін атап өткен жөн.

Ең алдымен, Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Ресейдің үлесі шамамен 20%-ға жетіп, екіжақты сауда көлемі 28 млрд АҚШ долларына жуықтады. Бұл бағыттағы басымдық тек сауда көлемін ұлғайтуда емес, сонымен қатар сауданы әртараптандыруда, Қазақстанның Ресейге бағытталған өңделген және бейшикізаттық экспорт үлесін арттыруда, сондай-ақ ЕАЭО нарықтарына бірлескен өндірістер құруға бағытталған.

Бұдан бөлек, өнеркәсіптік кооперация екіжақты қатынастардың қозғаушы күші болып табылады. Қазіргі таңда бірлескен жобалар портфелінде жалпы құны шамамен 56 млрд АҚШ долларын құрайтын 171 жоба бар. Бұл жобалар машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларды қамтиды. Аталған бастамаларды іске асыру мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.