Астанада Президенттік Орталықта «Қазақстан 2023: Шолу. Талдау. Болжамдар» тақырыбында сараптамалық талқылау болып өтті. Іс-шараға «ақыл-ой» орталықтарының өкілдері, жетекші қазақстандық сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Сараптамалық талқылауды «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани жүргізді.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Асқар Нұрша сыртқы саясат саласындағы жылдың негізгі қорытындыларын атап өтті. Сарапшы Қазақстанның екіжақты және көпжақты қатынастар форматындағы стратегиялық әріптестермен өзара іс-қимылы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская өз сөзінде мемлекеттер тарапынан әлеуметтік қолдау шараларының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру бойынша бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Үкімет жастарға, зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға және басқа топтарға арналған кәсіпорындардағы жұмыс орындарын субсидиялауға қаражат бөледі.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев биыл ауқымды сайлау циклін іске асыруға қатысты пікірімен бөлісті. Атап айтқанда, ол Парламент Сенаты, Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының нәтижелеріне, аудан әкімдері мен облыстық маңызы бар қалалардың пилоттық сайлауына, ауыл әкімдерінің сайлауына тоқталды.
Өз кезегінде «TALAP» Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Кысықов экономикалық саладағы негізгі қорытындылар туралы айтып берді. Спикердің баяндамасында базалық мөлшерлемедегі өзгерістер, Ұлттық қор қаражатының экономикалық әл-ауқатқа әсері, кәсіпкерлік қызметтегі үрдістер туралы тезистер айтылды.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мемлекеттің балаларды қорғау жөніндегі шараларына назар аударды. Оның айтуынша, биылғы жылы елімізде отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Бұл бастама балаларға уақтылы көмек алу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстан өңірлерінде балаларға медициналық, әлеуметтік және педагогикалық көмек көрсету үшін оңалту орталықтары ашылуда.
Кездесуге қатысушылар Президенттік орталық талдамалық орталықтар мен сараптамалық топтар үшін өзекті мәселелердің кең ауқымы бойынша талқылаулар өткізуге арналған әмбебап алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.
Жалпы, сарапшылар өткен жылдың ішкі және сыртқы саясат, экономика, әлеуметтік өмір, құқықтық тәртіпті ынталандыру салаларындағы оқиғаларға қанық болғанын, сондай-ақ негізгі салаларда мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін атап өтті.