Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов және Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсен институт қабырғасында Қазақстандағы саяси реформалардың серпіні мен басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.
Қазақстан-Германия қарым-қатынасының маңызына тоқтала келіп, ҚСЗИ басшысы Германияны Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі екенін айтты. «Германия еліміздің экономикасын, гуманитарлық байланыстарын, сондай-ақ білім беру саласын дамытуға өз үлесін қосады», – деді Е.Тұқымов.
Қос тарап Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастардың ағымдағы күн тәртібін, саяси байланыстар мен экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы сарапшылық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Иверсен ханым қазіргі таңдағы саяси өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, олардың экономикалық реформаларға жол ашатынын мәлімдеді. Германия елшісінің айтуынша, неміс бизнесі Қазақстан экономикасына, оның ішінде жасыл энергетикаға инвестиция салуға мүдделі.