Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінде мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың орнықты әрі түсінікті тетіктерін қалыптастыру мәселесі айрықша орын алды. Осы тұрғыда Қазақстанның Халық Кеңесін құру туралы ұсынысты қоғамдық диалогтың тұрақты форматын институционалдық тұрғыда бекітуге бағытталған қадам және оған неғұрлым практикалық сипат берудің жолы ретінде қарастыруға болады.
Халық Кеңесі шешім қабылдау жүйесіне кіріктірілген тұрақты қоғамдық-мемлекеттік орган ретінде көзделіп отыр. Айтылған параметрлерге сәйкес, оның құрамын 126 адамнан қалыптастыру жоспарлануда. Этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы қоғамдық ұйымдардан және өңірлерден әрқайсысынан 42 өкілден. Мұндай тәсіл жұмысқа қабілетті әрі басқаруға ыңғайлы құрылымды сақтай отырып, кең өкілділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа институттың басты ерекшелігі – оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі. Бұл қоғамдық құрылымдардың саяси үдеріске қатысу логикасын түбегейлі өзгертеді. Кеңес аясында әзірленген ұсыныстар енді тек консультативтік форматта ғана емес, заңнама деңгейінде де қаралу мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, қоғамдық және өңірлік сұраныстардың нақты шешімдерде көрініс табуына мүмкіндік беретін қосымша арна қалыптасады.
Сонымен қатар сөз барысында маңызды бір шеңбер айқын белгіленді: жаңа институттардың тиімділігі басқару үдерістерінің сапасына тікелей байланысты. Заманауи технологиялар мен ұйымдастырушылық жаңашылдықтар реттелген рәсімдер, өкілеттіктер мен жауапкершіліктің нақты бөлінісі болмаған жағдайда нәтиже бермейтіні атап өтілді. Осы тұрғыдан алғанда, Халық Кеңесі де, кез келген жаңа орган сияқты, формалды мәртебесіне емес, мемлекеттік басқару жүйесінің нақты жұмысына қаншалықты кіріктірілгеніне қарай бағаланатын болады.
Халық Кеңесін құру кері байланыстың орнықты арналарының қалыптасуына бағытталған кеңірек міндетпен сабақтас. Кеңестің жұмысының тұрақты форматы мен айқын мәртебесі қоғамдық ұстанымдарды, соның ішінде ішкі саясат пен өңірлік даму мәселелері бойынша пікірлерді жүйелі түрде, эпизодтық емес негізде ескеруге жағдай жасайды.
Данара Саранова,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-ның Шымкент қаласындағы өкілі


