Соңғы жылдары Қазақстан азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға, теңсіздікті азайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ауқымды әлеуметтік реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің әлеуметтік саясаты ұлттық табысты әділ бөлуге, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға және орта таптың үлесін арттыруға басымдық береді. Бұл сала барған сайын адамдарға бағдарланған және нақты қолдау көрсетуге бағытталған сипатқа ие болуда, мұнда әлеуметтік әділдік қағидаттары жеке бастаманы және кәсіпкерлікті ынталандырумен ұштасады. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – экономикалық өсімнің халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін, әділ әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру.
COVID-19 пандемиясы кезеңі ел үшін үлкен сын болды. Қазақстан бұл дағдарысқа жедел әрекет етіп, азаматтар мен бизнесті қолдауға қомақты ресурстар бөлді. Карантин кезеңінде табысынан айырылған азаматтарға өтемақы ретінде 4,6 миллион адамға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, несиелер бойынша пайыздық төлемдер уақытша тоқтатылды. Осы шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол берілмей, әлеуметтік тұрақтылық сақталды. Дағдарысқа қарсы жұмыспен қамту жол картасы мен «Еңбек» өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шамамен 1,2 миллион жұмыс орны құрылып, сақталып қалды. Сондай-ақ, зейнетақы мен жәрдемақылар 10–12% көлемінде индексацияланды, бұл халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Карантиндік шектеулер алынысымен, ел әлеуметтік саланы қалпына келтіру және цифрландыру кезеңіне өтті. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде ауқымды трансформация басталып, әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 92%-ы электрондық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында жалақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасты. Бұл шара 670 мыңнан астам қызметкерді қолдауға мүмкіндік берді. Мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетудің жаңа түрлері енгізіліп, олардың әлеуметтік және кәсіби бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында TenQogam орталықтарының желісі құрылды.
Мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж отбасыларды автоматты түрде анықтап, әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде тағайындауға мүмкіндік беретін цифрлық отбасы картасы әзірленіп, іске енгізілді.
Сонымен қатар мемлекет табыстың тұрақты өсуінің негізгі факторлары болып саналатын білім беру мен денсаулық сақтау салаларына белсенді түрде инвестиция салып келеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім беру нысандарын салу және бар мектептерді жаңғырту жұмыстары басталды. Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде 655 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, олардың 175-і бұрын медицина мекемелері болмаған ауылдарда салынса, 292-сі ескірген және бейімделген ғимараттардың орнына бой көтерді. Нәтижесінде 80 мыңнан астам азамат уақтылы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
2024 жылдан бастап Президенттің бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастамаға сәйкес, кәмелет жасына дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы аударылады. Бағдарлама жас ұрпақтың ұзақ мерзімді жинақтарын қалыптастыруға және болашағына сенімділікті арттыруға бағытталған.
Маңызды бағыттардың бірі – табыстың өсуі мен адами капиталды дамыту болып қала береді. 2020–2024 жылдар аралығында халықтың жан басына шаққандағы атаулы табысы шамамен екі есе өсіп, 116 мың теңгеден 216 мың теңгеге жетті. Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтеріліп, бұл шамамен 1,8 миллион азаматтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік саясаттың басым бағыты проактивті және алдын алу сипатындағы қолдауға ауысып келеді. Мемлекет енді формалды әрекет етуден гөрі, тәуекелдерді алдын ала анықтап, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, көмекті дер кезінде және нақты бағытта көрсетуге ұмтылуда.
Осылайша, Қазақстан әлеуметтік мемлекет құру жолында нық қадам басып келеді. Еңбекақыны арттыру, атаулы әлеуметтік қолдауды дамыту, білім мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция салу – халықтың өмір сапасын арттырудың берік негізін қалыптастыруда. Бұл шаралар әрбір азамат елде жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін сезінетін мықты әрі әділетті Қазақстанның іргетасын қалайды.
Бибігүл Өмірбаева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің
бас сарапшысы