Skip to content
Басты бет » Иран делегациясы кездесу

Иран делегациясы кездесу

Бүгін, 2024 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына (ҚСЗИ) Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джукари бастаған Иран Ислам Республикасының делегациясы келді. Бұл сапар екі елдің сараптама орталықтары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы маңызды қадам болды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың әлеуетін кеңейту, сондай-ақ екі елдің сараптамалық-талдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Қонақтарды қарсы алған ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол ғылым-білім алмасу және бірлескен жобалар екі ел үшін тек ғылыми зерттеулер саласында ғана емес, басқа да басым бағыттар бойынша жаңа мүмкіндіктер ашатынын баса айтты.

«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік сияқты салаларда кеңейтуге болады. Қазақстан мен Иранның осы бағыттағы ғылыми-сараптамалық ынтымақтастығы бұл міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізетініне сенімдімін. Сіздің байланыстарымызды дамытудағы күш-жігеріңізді жоғары бағалаймыз және экономика, көлік, логистика, мәдениет және білім беруді қоса алғанда, ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы жаңа мүмкіндіктердің перспективаларына қуаныштымыз», – деді Е.Тұқымов.

ҚСЗИ директоры көлік-логистикалық ынтымақтастықты және Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс және ТРАСЕКА сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, сондай-ақ Бандар-Аббас портында қазақстандық терминал құрылысына және Каспий теңізіндегі инфрақұрылымды кеңейтуге назар аударды.

Сондай-ақ Еркін Тұқымов Таяу Шығыстағы жағдайдың тезірек қалыпқа келуін тілеп, конструктивті диалог шиеленісті бейбіт жолмен шешуге және аймақта келісім орнатуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Али Акбар Джукари мырза әріптестікті нығайтуға қызығушылық танытып, заманауи сын-қатерлерді шешуде сарапшылардың өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, Елші мырза көліктік-логистикалық қолайлы мүмкіндіктерді ескере отырып, сауданы кеңейту мен өзара инвестиция тартудың жоғары әлеуетіне тоқталды.

Екі тарап та мұндай әріптестіктің өзара тиімді және ұзақ мерзімді сипатына сенім білдіріп, қазіргі күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда ынтымақтастықты дамытудың жоғары қарқынын сақтау өте маңызды деп санайды.