Ішкі саясат тұжырымдамасы мемлекетті басқарудың және стратегиялық дамудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы мен қоғамдық қатынастарды жаңа даму кезеңінде жетілдіру мақсатында әзірленді. Тұжырымдама ішкі саясат саласындағы қызметті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін айқындауға бағытталған.
Мемлекеттік саясаттың сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның ішкі саясатының негізгі құндылықтары, қағидаттары, мақсаттары, міндеттері мен бағыттары айқындалады. Сонымен қатар, қазақстандық ұлттың стратегиялық міндеттерін жалпы түсінуді, ұлттық бірлікті нығайтуды қамтамасыз етуге қабілетті жаңа құндылықтық бағдарлар белгіленді.
Ішкі саясаттың экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, ақпараттық, мәдени және басқа да салаларының алуан түрлілігін ескере отырып, тұжырымдама қазіргі заман жағдайында билік пен қоғам арасындағы тұрақты және тиімді өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға бағытталған саяси және идеологиялық шаралар жүйесін ұсынады. Ішкі саясатты іске асыру елдің стратегиялық басымдықтарына сәйкес дәйекті дамуын қамтамасыз ететін ішкі жағдайларды кешенді түрде қалыптастыру ретінде түсіндіріледі.
Тұжырымдама Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында және сөздерінде белгіленген мақсаттар мен міндеттерді, сондай-ақ конституциялық қағидаттар мен қазақстандықтардың мүдделерін ескере отырып әзірленді. Тұжырымдама Қазақстан мемлекеті мен қоғамын нығайтуға және дәйекті дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқарушылық шаралар жүйесін қалыптастырудың негізі.
Алуа Жолдыбалина,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары


