Skip to content
Басты бет » Израиль Мемлекеті Кнессетінің Төрағасы ҚСЗИ-да

Израиль Мемлекеті Кнессетінің Төрағасы ҚСЗИ-да

2025 жылғы 9 сәуірде Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль Мемлекеті Кнессетінің төрағасы Амир Оханамен Қазақстаның стратегиялық зерттеулер институтында кездесу өтті. Израиль делегациясымен кездесуге ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп және ҚР Израильдегі елшісі Дәулет Ембердиев қатысты.

Кездесуде түрлі бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды. ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екі ел арасындағы, әсіресе озық технологиялар мен инновациялар саласындағы жан-жақты әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. ҚСЗИ басшысы екінші тарапты институт қызметімен таныстыра отырып, экономика, саясат және гуманитарлық білім саласындағы ақпарат пен зерттеулер алмасу үшін Қазақстан мен Израильдің ғылым-білім беру мекемелері мен талдау орталықтары арасындағы өзара әрекеттестікті жандандыру қажеттігіне тоқталды.

Өз кезегінде Израиль заң шығарушы органының спикері Қазақстанға сапарының мақсаттары туралы баяндады. Сапар барысында ол ел Президентімен және Парламенттің екі палатасының төрағаларымен кездесті. Сұхбат кезінде Амир Охана Қазақстан мен Израиль арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытты. Кнессет төрағасы су ресурстарын басқару, агротехнология және медицина саласындағы Израильдің бай тәжірибесі мен технологиялық көшбасшылығына ерекше назар аударды, сондай-ақ қазақстандық тараппен білім мен тәжірибемен бөлісуге дайын екенін білдірді.

Израиль Парламентінің басшысы ҚСЗИ басшылығына серіктес ретінде Кнессеттің зерттеу-талдау орталығын ұсынды. Орталық Кнессет депутаттарының жұмысына ғылыми-зерттеу және талдау қолдауын жүзеге асырады.

Кездесуге қатысушылар екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Тараптар Астанада жоспарланған Қазақстан-Израиль ынтымақтастық форумы денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, энергетика, инновациялар және цифрлық трансформация сияқты салаларда ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынастарды тереңдетуге жол ашады деп үміттенеді.