ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының 30 жылдығы мен алдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай ҚСЗИ қабырғасында БАҚ өкілдері марапатталды.
Жиынға отандық телеарналар мен радио, баспа басылымдары мен ақпараттық порталдардың қызметкерлері қатысты. «Бүгінгі таңда интернет пен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат көп. Мұндай жағдайда тек объективті көзқарас сенімді ақпарат көзі бола алады. Осы тұрғыда ҚСЗИ сарапшылары мен БАҚ өкілдері үлкен жұмыс атқарып жатыр. Біздің ортақ жұмысымыз терең талдау мен зерттеуді, шыншылдық пен батылдықды қажет етеді. Баршаңыз ҚСЗИ-мен белсенді жұмыс істейтін мамандарсыздар, сол себепті сіздерге қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Ақпарат майданында шығармашылық табыс тілеймін. Алдағы 30 жылда серіктестігіміз жалғасады деген ойдамын», – деді ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов.
Жиынға қатысқан БАҚ қызметкерлеріне естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Өз кезегінде қонақтар ҚСЗИ ұжымын 30 жылдық мерейтоймен құттықтап, сарапшыларға жемісті ынтымақтастық үшін алғыс айтты. «Silteme» Press club негізін қалаушы, журналист Тимур Сержанов: «Журналистерге сарапшылар пікірі маңызды, ал сарапшыларға олардың пікірі естілгені маңызды. Сол себепті біздің ортақ жұмысымызда синергия мен химия бары сөзсіз».
Әсима Нұрбайқызы, Ұлттық арна тілшісі: «Күн тәртібіндегі ақпаратқа байланысты сараптамалық түсініктеме алу үшін ең алдымен ҚСЗИ сарапшыларына хабарласамыз. Институт ел дамуына ықпал ететін түрлі бастамалар ұсынып отырады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру – ҚСЗИ сарапшыларының идеясы. Жалпы, институт қоғамдық пікірді қалыптастыруға үлкен үлес қосып жатыр».
Іс-шара Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. Бүгінгі таңда бұрын-соңды болмаған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар мен оларды жүзеге асыру БАҚ-қа байланысты. Сондықтан институт пен БАҚ тығыз ынтымақтастықта қатар жүреді.