Skip to content
Басты бет » Қаржы секторының мәселелері басты назарда

Қаржы секторының мәселелері басты назарда

12 желтоқсанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қаржы секторының проблемаларына, оның ішінде мемлекеттік қаржыға үлкен көңіл бөлді. Атап айтқанда, бюджеттік үдерісте тұрақтылыққа қол жеткізу және бюджет кірістерінің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігін азайту қажеттігі айтылды. Бұл трансферттер соңғы жылдары республикалық бюджет кірісінің 40% дейін құрайды, осылайша олар осы кіріс көзіне шектен тыс тәуелді болып қалды. Трансферттердің жоғары көлемі Ұлттық қорда жинақталған қаражаттың жоғары деңгейде жұмсалуын білдіреді. Жинақталған қаражаттың көлемі 2014 жылдан бері азайып, қазір 50 миллиард долларға жақындады, ал 2014 жылдың ортасында ол 77 миллиард доллар болатын.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл проблеманы көрсете отырып, шығынды тоқтату және алдағы жеті жылда бұл институттың активтерін 100 миллиард долларға дейін өсіруді қамтамасыз ету керектігін айтты. Президент қор активтерін басқару тиімділігіне қатысты проблемаларды атап өтті, бұл олардың кірістілігінің төмен деңгейінде көрінеді. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш жылына 1,6% құраса, басқа елдердегі бірқатар ұқсас тәуелсіз қорлар 6-7% кірісті қамтамасыз етеді. 2024 жылдан бастап қордың инвестициялық кірісінің жартысы Қазақстан балалары пайдасына аударылымдарға жұмсалатындығына байланысты Ұлттық қор активтерін сақтау мен ұлғайту, сондай-ақ оларды басқарудың тиімділігі ерекше проблема бола бастайды, бұл осы мекеменің өзіне және Ұлттық Банкке деген қоғамның назарын күрт арттырады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы экономиканы ондаған жылдар бойы өзекті болып келген «ұзын ақшамен» қамтамасыз ету мәселесіне тағы да назар аударды. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелендіруге және бірінші кезекте нақты сектордағы басым жобаларға бет бұруын ынталандыру мақсатында Ұлттық Банктің ноталары бойынша банктердің кірістеріне салық салу тәртібі қайта қаралатын болады. Бұл шара банктер үшін мұндай инвестицияларды тиімсіз етеді. Сол себепті бұл оларды экономикаға инвестициялауға ынталандыруы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы басым секторларды банктік қаржыландырудың басқа да шаралары туралы, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау шарттарын 7 жылға дейін ұлғайту және АӨК кәсіпорындарының несие алуына кепілдік құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін астық қолхатын цифрландыру туралы айтты.

Мемлекет басшысының БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару және оларды жеке басқаруға беру туралы шешіміне байланысты экономиканы қаржыландыру да артуы мүмкін, дегенмен бұл шараны белгілі бір нормативтік құқықтық актілермен толықтыру қажет.

Тұтастай алғанда, Президент Қ.К.Тоқаев Қазақстан экономикасының қаржы секторы ел басшылығының тұрақты назарында екенін және экономиканы жүйелі жаңғыртуға бағытталған реформаларға сәйкес қайта құрылуы тиіс екенін тағы бір рет көрсетті.

 

Вячеслав Додонов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері