Skip to content
Басты бет » Қазақстан халқы Ассамблеясы: Ел бірлігі жолындағы жүйелі жұмыс пен өңірлік тәжірибе

Қазақстан халқы Ассамблеясы: Ел бірлігі жолындағы жүйелі жұмыс пен өңірлік тәжірибе

Берік Қадыров,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Абай облысы бойынша өкілі,

Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы, PhD

2025 жылдың 23 сәуірі күні Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президентінің төрағалық етуімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Бұл отырыстың басты ерекшелігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі. Жиын барысында отыз жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарға жан-жақты талдау жасалып, Ассамблеяның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер мен стратегиялық бағыттар айқындалды.

Бүгінде бұл институттың қызметі жаңа мазмұнмен толықтырылып, даму бағыттары да жаңа деңгейге көтерілуде. Әсіресе, қазіргі жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде елімізде азаматтық бірлік пен ұлтаралық келісімді нақты істермен қамтамасыз етуде осындай қоғамдық ұйымның рөлі арта түсіп, оның алдына маңызды міндеттер мен жоғары жауапкершілік артылуда.

Осы орайда, әсіресе өңірлердегі жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңызы зор. Себебі азаматтық ынтымақ пен келісімді тереңдету ісі жергілікті деңгейдегі белсенділікпен тығыз байланысты. Абай облысында Қазақстан халқы ассамблеясының өңірлік қызметі 46 этномәдени бірлестік пен бірнеше қоғамдық құрылым арқылы белсенді жүргізілуде. Олардың қатарында 123 ақсақалдар кеңесі, 78 аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топ, жас ғалымдар клубы, этномедиация орталығы және басқа да ұйымдар бар.

Кеңесте Мемлекет басшысы атап өткендей, өңірде жастарды ҚХА қызметіне тарту ерекше назарға алынған. Бұл бағытта әртүрлі іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, өңірлік бірлестіктің қайырымдылық бастамалары қоғам тарапынан жоғары бағаланып келеді. Мәселен, «Жомарт жан» орталығы 2025 жылдың I-тоқсанында 2 600 718 теңге сомасында 470 адамды қамтыған 32 қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Сонымен қатар өңірде этномедиацияны дамытуға айрықша көңіл бөлініп, медиатор мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар, семинарлар, курстар мен тренингтер өткізілуде.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік қызметі сан алуан бағыттарды қамти отырып, қоғам өмірінің маңызды салаларында белсенділік танытып келеді. Оның басты мақсаты – қоғамда өзара сенім мен сыйластықты нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегіне айналу. Ақсақалдар мен аналар кеңестері арқылы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бірлік пен келісім идеясын насихаттау.