Грузия, Қазақстан сияқты, қоғамды трансформациялау үдерісінде. Жалпы, бүкіл Оңтүстік Кавказдың келбеті оң жаққа өзгеруде. Біздің тарапымыздан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға және Анаклия портын салуға практикалық қызығушылық бар, өйткені көлік дәліздері Қазақстанды Каспий мен Кавказ арқылы ЕО елдерімен және Түркиямен байланыстырады.
Осы орайда өзара іс-қимылдың маңызды жағы – ғылыми-талдамалық саладағы ынтымақтастық тиісті назардан тыс қалмады. Бұл зияткерлік вакуумды толтыруға қазақстандық та, грузиндік те сарапшылар мен ғалымдар мүдделі.
Қазақстан мен Грузияның зияткерлік ресурстары елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты және өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейтуге, оны неғұрлым нақты талқылауға жұмсалуы тиіс. Бұл ұстанымды ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Geocase талдау орталығының төрағасы Виктор Кипианимен, Грузияның стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының негізін қалаушы Нодар Харшиладземен және дипломат, саясаткер, GSAC Басқарма мүшесі Валерий Чечелашвилимен 2024 жылғы 29 сәуір күні Грузияға жұмыс сапары аясындағы кездесуінде атап өтті.
Қазақстанға ұқсас географиялық жағдайы – елдердің Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасуы, екі мемлекеттің саяси күн тәртібі мен қоғамдық санасының өзгеруі, терең тарихи байланыстар коммуникация мен ұзақ мерзімді қатынастар үшін іргетас болады.