Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов пен Корея Республикасының экс-елшісі Пэк Чжу Хён және Орталық Азияны зерттеу орталығының басшысы Ким Сан Чоль Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты қатынастарды ілгерілету стратегиясын әзірлеу аясында «Самал жел» бағдарламасын іске асыру барысын талқылады.
ҚСЗИ басшысы Еркін Тұқымов: «2022 жылы біздің қоғам үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Осы маңызды сәтте Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформалар бағдарламасы ел экономикасын жаңғыртуға серпін беруі тиіс. Республикамызға халықтың өмір сүру деңгейін жақсартатын инклюзивті тұрақты экономика қажет. Оңтүстік Кореяның тәжірибесі біздің қоғамды жаңғыртуда пайдалы болуы мүмкін деп ойлаймын».
Кездесу барысында тараптар халықаралық қатынастардың заманауи күн тәртібі аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады.
Чжу Хён мырза ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тұрақты сараптамалық пікірталастардың қажеттілігі туралы айта келе, Қазақстанның Орталық Азия өңірінің бір бөлігі ретіндегі транзиттік әлеуеті оның жаһандық жеткізу тізбегінде шешуші рөл атқаратынына тоқталды. Сарапшы Оңтүстік Кореяның Қазақстанның инвестициялық жобаларына қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Белгілі болғандай, Оңтүстік Корея инвестициялары Қазақстан экономикасында 2019 жылдан бастап 2,5 есеге өсіп, 2022 жылдың үш тоқсанында 1,1 млрд АҚШ долларына жетті.
Қорытындылай келе, қос тарап екі ел арасындағы саяси байланыс пен экономикалық өзара іс-қимылды нығайтуда химия және мұнай-химия өнеркәсібі, машина жасау, жасыл энергетика, IT-индустрия сияқты салаларда сараптамалық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.