Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Өзбекстан: Орталық Азияны нығайту жолындағы одақтастар және серіктестер

Қазақстан мен Өзбекстан: Орталық Азияны нығайту жолындағы одақтастар және серіктестер

2025 жылғы 14–15 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары өтуде. Сапар қарсаңында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Азия зерттеулері бөлімінің бас сарапшысы Болат Әуелбаев Қазақстан – Өзбекстан қатынастарына шолу дайындады.

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы мемлекетаралық қатынастар мен жалпы өңірлік дамудың негізгі күн тәртібін айқындайтын ірі мемлекеттер. Бұл күн тәртібіне қауіпсіздік, экономика және сауда, энергетикалық және су ресурстарын бөлу, инновациялық технологияларды енгізу, қоршаған ортаны сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты негізгі бағыттар кіреді.

Республикалар арасында кең ауқымды халықаралық-құқықтық база қалыптасқан, сондай-ақ жоғары және ең жоғары деңгейлерде өте тығыз әрі белсенді өзара іс-қимыл орнаған. Отыз жыл ішінде олардың қарым-қатынасы дипломатиялық қатынастар орнатудан бастап 2022 жылғы желтоқсанда қол қойылған одақтастық жөніндегі шартқа дейінгі деңгейге жетті.

Үкіметтік құрылымдар арасында, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар, азаматтық институттар мен бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстар қарқынды жүріп жатыр, сындарлы диалог жүргізілуде, прагматикалық келісімдер жасалуда. Мәселен, Қазақстан Өзбекстанның сыртқы саудасындағы үшінші ірі серіктес, оның тауар айналымындағы үлесі 8,9%-ды құрайды.

Мұның бәрі өзара сенімді нығайтуға, келісілген шешімдер әзірлеуге және екіжақты байланыстарды жүйелі дамытуға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді. Қазақстан көшбасшысының Ташкентке сапары қол жеткізілген нәтижелерді қорытындылап қана қоймай, қарым-қатынастардың сапасын арттыруға бағытталған жаңа мақсаттар қояды.

Оңтүстіктегі көрші ел Қазақстанның бидайын, ұнын, металл және мұнай өнімдерін жоғары бағалайды. Ал қазақстандықтар өзбек автокөліктерін, жеміс-көкөністерін, тоқыма бұйымдарын және басқа да тауарларын жақсы сатып алады. Екі республиканың кәсіпкерлері өзара инвестициялық қызметті белсенді түрде кеңейтіп келеді.

Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастығының нәтижесінде тек өңірлік деңгейдегі емес, сонымен қатар Орталық Азиядан тыс жерлердегі процестердің тұрақтылығы мен даму динамикасы да айтарлықтай дәрежеде айқындалады. Ынтымақтаса әрекет ету және нәтижелілікке деген өзара ұмтылыс елдерге өңірлік және халықаралық дамудың тиімді тетіктері мен бағыттарын іздеуге бағытталған мазмұнды дискурс жүргізуге мүмкіндік береді.

Тараптар аймақтандыру үдерісіне зор күш жұмсап отыр. Ресурстарды, экономикалардың ауқымын және демографиялық әлеуетті ескере отырып, екі мемлекет берік орталықазиялық қаңқа қалыптастырып, өңірдегі барлық қатысушылардың өзара мүдделерін ескере отырып, экономикалық кооперацияның локомотивтері болып табылады.

Осыған байланысты өңірлік өзара іс-қимылда айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Бес республиканың мемлекет басшыларының консультативтік кездесулері жыл сайын өткізіледі, бұл жақсы дәстүрге айналып, жалпы тұрақты дамуға оң әсер етуде. 2018 жылы осы диалог алаңының қалыптасуынан бері бүгінгі уақытқа дейін аймақ елдерінің орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны 6,2%-ды құрады. Бұл – әлемдік көрсеткіштерден үш есе жоғары.

Астанада өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының саммитінде «Орталық Азия — 2040» өңірлік кооперацияны дамыту стратегиясы қабылданды. Оның басымдықтары бесжақты ынтымақтастықты тереңдетуге және өңірдің халықаралық субъектілігін күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар көрші республикалар көшбасшыларының саяси еркі және Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің белсенді қолдауының арқасында соңғы жылдары мемлекеттік шекараның бүкіл бойын делимитациялау мәселелері шешілді. Бұл фактор өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және трансшекаралық байланыстар мен қатынастарды жандандыруға айтарлықтай ықпал етті.

Қазіргі уақытта өңірлік кеңістікті неғұрлым егжей-тегжейлі құрылымдау процесі жүріп жатыр. Екіжақты тауар айналымы да, өңірлік сауда да артып келеді, инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық күшеюде, өңір елдерінің әрқайсысында әлеуметтік-экономикалық өмір сапасын жақсартуға жағдай жасалуда, өңірдің халықаралық саясат пен экономикадағы рөлі артып келеді.

«С5+1» форматына деген қызығушылық айтарлықтай артты. Бұл алаңда дамыған экономикасы бар әлемдік державалар мен ықпалды саяси одақтар өңірмен өзара байланыстар орната бастаса, республикалар бұл ұмтылыстарға бірлескен түрде жауап беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, өңірлендірудің жаңа циклі прагматизм, өзара тиімді есеп және икемді тәсілдер контекстінде қалыптасуда.

Осылайша Астана мен Ташкенттің екіжақты және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігері ұзақ мерзімді перспективаға негізделген. Мұндай тәсіл бүкіл Орталық Азия өңірінде жоғары тиімді қауіпсіздік деңгейіне қол жеткізуге, тығыз экономикалық кооперацияны қалыптастыруға және мәдени-гуманитарлық тұтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.