2023 жылдың 25 қаңтарында Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Жаңа Өзбекстан – Әділ Қазақстан: екіжақты ынтымақтастық перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға сыртқы істер мекемелерінің өкілдері, ҚСЗИ, СЗИ, ОАХИ және қос елдің басқа да талдау орталықтарының сарапшылары қатысты.
Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары қарастырылып, сондай-ақ инфрақұрылымдық және гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері ортаға салынды.
Өз сөзінде ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев халықтарымыздың ортақ миссиясы аймақтық ауқымдағы ынтымақтастықты тереңдетуге жәрдемдесу екенін атап өтті. «Бұл болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. 2050 жылға қарай Орталық Азия елдерінің еңбекке қабілетті халқының жалпы саны (15 пен 64 жас аралығындағы) 70 миллион адамға жақындайды. Бұл Еуропаның ірі мемлекеттерінің болжамды көрсеткіштерімен салыстыруға болатын маңызды адами ресурс. Осыған байланысты мұны құнды мүмкіндік ретінде қарастырған жөн», – деді Айдар Құрмашев.
Дөңгелек үстел барысында сарапшылық диалогты дамыту тараптардың ұстанымдарын түсінуді кеңейтуге, сондай-ақ мүдделер түйісуінің нақты нүктелері бойынша ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтауға мүмкіндік беретіні туралы ой айтылды.
Сондай-ақ конференция қатысушылары өңірдің дамуының негізгі үрдістері және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және бірлескен даму мақсаттарын әзірлеу жолдары туралы пікір алмасты.